Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова дүниеден өтті

16:41, 18 қараша 2026
MKZ: 1578422

© Сурет: Instagram/qumaraqsaqalov

Қазақстанның халық ақыны, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Әсия Беркенова дүниеден өтті. Бұл туралы 2026 жылғы 18 қарашада Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Әсия Беркенова қазақтың айтыс өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар дара тұлға еді.

"Ол өлеңсүйер қауымның ықыласы мен құрметіне бөленді. Талай айтыста өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, асқан шеберлік танытты. Ұстаздық жолда да аянбай еңбек етіп, "Халық ағарту ісінің үздігі" атағына ие болды. Артында тәлімін алған талай шәкірті мен ізін басқан ізбасарлары қалды", – деп жазды Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі Әсия Беркенованың ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқанын да атап өтті.


"Ол қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті", – деп жазды әкім.

Әсия Беркенова 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Сұлукөл ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын "Орыс тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша бітірген.

1972–1997 жылдары Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарындағы мектептерде мұғалім болып еңбек етті. 2001 жылдан бастап Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы "Өнер" студенттік шығармашылық студиясын басқарып, жас ақындарға тәлім берді.

Әсия Беркенова 1980 жылдардан бастап айтысқа белсене қатысып, өмірінің 40 жылдан астамын сахнаға арнады. 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай өткен республикалық айтыста жеңіске жетіп, есімі елге кеңінен танылды.

Ақын Қазақстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Моңғолияда және Ресейде өткен республикалық және халықаралық айтыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрінді. Кейінгі жылдары ірі айтыстарда жас ақындарға тәлімгерлік етіп, қазылар алқасының құрамында болды.

Бұған дейін, 9 қарашада, белгілі айтыскер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 85 жасында дүниеден өткен еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!