Мемлекет басшысы білікті инженерлер мен жасанды интеллект мамандарын даярлаудың маңызын атап өтті
© Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жан-жақты трансформациялау үшін білікті мамандар даярлау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту және жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына енгізу бағыттарына басымдық беруді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан "Халықтық құрылыс" бастамасын жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында энергетика, атом қуаты, көлік, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту көзделген.
Мемлекет басшысы бұл міндеттерді орындау үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау керектігін атап өтті.
"Бұрын-соңды болмаған ауқымды міндетті іске асыру үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау керек. Серіктестерімізді аталған басым бағыттар бойынша кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу ісіне атсалысуға шақырамыз", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына енгізу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл жұмыс тек тиісті бағдарламаларды сатып алумен шектелмеуі керек.
"Заманауи оқу бағдарламаларын, оқытушылар құрамын даярлау керек. Сонымен қатар сенімді цифрлық инфрақұрылым құруға және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың нақты қағидаттарын әзірлеуге мән берген жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін қаржылық шектеулер мен әкімшілік рәсімдерді анықтап, оларды жоюға шақырды. Академиялық ұтқырлық мәселесін де назардан тыс қалдырмау керектігін жеткізді.
Мемлекет басшысы тараптарды жақын арада іске асыруға болатын жобаларды айқындап, нақты міндеттемелер қабылдауға шақырды.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі пікірталас ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, нақты жобалармен жалғасатынына сенім білдірді. Президент Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының кампустары мен филиалдарын ашу жұмысы жалғаса беретінін айтты.
"Келесі жылы Астанада бірқатар кампусты іске қосамыз. Аталған жұмыс жалғаса беруге тиіс. Өйткені бұл – біз үшін аса маңызды басымдық. Елордада немесе еліміздің басқа өңірінде филиалын ашқысы келетін кез келген университетке қолдау көрсетуге әзірмін", – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанның мақсаты – елде сарапшылар әлеуетін, білім мен тәжірибені шоғырландыру. Осы тұрғыдан алғанда, ғылым, білім және жоғары технологиялар ел үшін стратегиялық маңызға ие.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:24, 19 қараша 2026
Мексикада Димаштың концерті аншлагпен өтті
-
16:20, 19 қараша 2026
Қамауға алынған «Самұрық-Қазына» басшысы Су спорты түрлері федерациясының президенті болып қала береді
-
16:01, 19 қараша 2026
Қазақстанда атом нысандарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бекітілді
-
15:56, 19 қараша 2026
Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттердің басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты
-
15:51, 19 қараша 2026
Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станцияларының көрсеткіштері қалай тексеріледі





