Тараздық шебер екі жылда 500 домбыра жасаған

16:08, 7 шілде 2024

© Сурет: видео скрині

Таразда екі жылда 500 домбыра жасаған шебер тұрады. Алмас Байжанов өз шеберханасын былтыр ғана ашқан. Енді шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құндылықты ұлықтамақ, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Хабар 24" телеарнасының хабарлауынша, Алмас Байжанов екі жыл бұрын домбыра жасай бастаған. Алғашқыда қызығушылық туындап, кейін кәсібіне айналдырды. Сөйтіп 10 жылын арнаған энергетика саласынан қол үзіп, ұлттық аспапты жасауға ойысыпты. Ол бір жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан. Шағын несие алып құрылғы мен қажетті материал сатып алған. Мұнысын байқаған мықты шеберлер батасын беріпті.

"Ол кісілер маған қағаздарын беріп, бұрынғы қалған кісілерден ата-бабамыздан қалған домбыраның қыр-сыры туралы мәліметтерді маған берген болатын. Домбыраның бәрі кепкен ағаш болу керек. Домбыраның айнымауы, пернелердің таза шығуы оның беттақтайымен үйлесуі өзінің цифрлық кодтары бар. Меткалары бар. Жасалауы, оны бір рет қарайсың, 10 рет қарайсың. Кейде жақсы шығып кетеді. Кейде ұзақ шығады". Шебер Алмас Байжанов

Алмас домбыра жасауға қайың, жаңғақ пен қызыл ағашты қолданады. Олардан жасалған аспаптың даусы нақ әрі ашық шығады дейді. Ал бетін қазақы ою-өрнекпен безендіреді. "Домбыра жасаудағы мақ­сатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау" дейді шебер.

"Жақсы домбыра шығу үшін жаның таза болуы керек. Адалдық, ниетің түзу болуы керек. "Құдай қаласа" деп, домбыраны бастап, шын көңіліңді осыған бұрып, ақшаға емес, сол сенім білдіріп берген кісіге сенімін ақтап жасап, ниетіңнің бәрін осы бір домбыраға салсаң, 2-3 күн кетеді". Шебер Алмас Байжанов

Көпке танымал "Көне Тараз" күйінің авторы Аман Малдыбаев Таразда домбыра жасаушылардың көбейіп келе жатқаныны марқаяды. 66 жасқа келген күйші жоғары оқу орнында күй өнерін жастарға дәріптеп жүр. "Ұлттық құндылығымызды балаларға жастайынан үйрету керек" дейді қайраткер.

"Ұлттық тәрбиемізді соны жөнге қоятын болсақ, әр отбасында жаңағы балабақшаларда осы халықтың күйіменен, ән-күйін сусындатса еліне деген патриоттығы мысалға, Отан сүйгіштігі алға басады деген ойдамын". ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Аман Малдыбаев

Аядай жерде ұлт үшін ауқымды іспен айналысып отырған Алмас келешекте цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттыруды ойлап отыр. Ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, қайтарымсыз грантқа құжат тапсырмақ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!