Стоматологиядағы бала өлімі: анестезиологтың адвокаты сот тергеуін қайта бастауды талап етті

13:57, 18 желтоқсан 2025

© Сурет: Zakon.kz

2025 жылғы 18 желтоқсанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында стоматологияда көз жұмған қыз баланың өліміне қатысты іс бойынша айыпталушы анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиеваның адвокаты сот тергеуін қайта жаңғырту және судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішхат берді.

Сот отырысының басында судья Қажымұқан Мекемтас сот жарыссөз кезеңіне көшетінін мәлімдеп, тараптардың дайындығын нақтылады. Прокурор мен айыпталушы жарыссөзге дайын екендерін айтты. Алайда айыпталушының қорғаушысы Сағынғали Елеуов өтінішхат түсірді.

"Біз сізге сенбейміз, сондықтан сізге қарсылық білдіреміз. Осы себепті сот кабинеті арқылы судьяға қарсылық жөнінде жазбаша өтініш жолдау үшін уақыт беруді сұраймыз", – деді адвокат.

Өтінішхатты негіздей отырып, қорғаушы соттың қорғау тарапының өтініштерін жүйелі түрде қанағаттандырмауын немесе оларды дәлелді процессуалдық шешімсіз формалды түрде ғана қарастырғанын айтты. Сондай-ақ ол баланың өлім себебіне қатысты сараптамалық қорытындыларда елеулі қайшылықтар бола тұра, бірқатар сарапшылар мен мамандарды сотқа шақырудан бас тартылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, істі прокурорға қайтарып, қосымша тергеу жүргізу туралы өтініштердің де ескерусіз қалғанын жеткізді.

Сонымен қатар қорғау тарапы ашық дереккөздерде судьяға қатысты тексеру жүргізілуі мүмкін деген ақпарат бар екенін алға тартып, бұл жағдай судьяның істі объективті қарауына күмән тудыратынын айтты.

Судья өтінішті қарау үшін сот тергеуін қайта бастау қажет екенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде адвокат қолданыстағы заңнама сот тергеуін сот процесінің кез келген сатысында қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтып, соттан тергеуді қайта жандандырып, өтінішті қарауды сұрады.

Айыпталушы өз қорғаушысының ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Ал мемлекеттік айыптаушы сот тергеуін қайта бастауға қарсылық білдірмейтінін, бірақ судьяға қарсылық білдіруге негіз жоқ екенін айтты.

Тараптардың пікірін тыңдай келе, сот сот тергеуін қайта жаңғыртуға мүмкіндік бар деген шешімге келіп, істі қайтадан сот тергеуі сатысына қайтарды. Осыдан кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Кейін сот отырысын судья Қанат Тобағалиұлы жалғастырып, аталған өтінішхат бойынша шешім бүгін жарияланатынын хабарлады.

Айта кетейік, 2025 жылғы 8 желтоқсанда сот отырысы прокурордың өтінішімен кейінге қалдырылып, жаңа айыптау актісін дайындау қажет болған. 10 желтоқсанда прокурор анестезиологқа қатысты жаңартылған айыптау актісін жариялады. Сол күні айыпталушы Аида Жұмағалиева сотта жауап беріп, өз кінәсін мойындамайтынын айтты. Ол сондай-ақ бастапқы және комиссиялық сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен келіспейтінін, қате тұжырымдар тізбегі дәл осы сараптамадан басталғанын мәлімдеді. Еске салсақ, қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда болды. Үш жасар бүлдіршін тісін наркозбен емдеткеннен кейін оянбай қалған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!