Сібір жарасы анықталған Қошанкөл ауылының тұрғындары індеттен аман

10:36, 28 қараша 2024

© Фото: Zakon.kz

Сібір жарасы анықталған Батыс Қазақстан облысындағы Қошанкөл ауылының тұрғындары індеттен аман. Ауру жұқтырған бір адам қалаға жеткізіліп, қазір ауруханада ем алып жатыр. Ал, эпизоотиялық ошақта 18 күн карантин жарияланып, жағдай тұрақталған соң күні кеше шектеу алынды.

Ауру ошағы Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округі Ордабай ауылынан шықты. Сиырдан сынама алынып, зертханалық тексеру нәтижесінде Сібір жарасының жұқпасы анықталды. Ауылдағы үй-жай карантинге қойылды.

"Індет ошағын жою бағытында ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізілді. 22 қараша күні қорытынды дезинфекциялық іс-шара жүргізілді. 26 қараша күні карантин толық тоқтатылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Ешқандай Сібір жарасы ауруына қорқыныш жоқ дегім келеді." Абзал Брәлиев, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы

Ал мал сойғанда ауру жұқтырып алған науқас қалада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы бірқалыпты. Облыста мұндай жағдай соңғы рет он жыл бұрын Жәнібек ауданында тіркелген, деп жазады qazaqstan.tv.

"Нақты диагноз қойылғаннан бастап, медицина, ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп, толық эпидемияға қарсы бірлескен шаралар жүргізілген болатын. Науқаспен қарым-қатынаста болған азаматтар анықталып, барлығы да медициналық бақылауда, антибиотик терапия жүргізілді. Қазір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында толығымен ем алуда." Нұрлыбек Мұстаев, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Өңірде 222 Сібір жарасының ошағы бар. Солардың тек 132-сі бетондалған. Ал, көктемгі су тасқынында Сырым, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы үш Сібір жарасы көміндісі мен бес мал қорымы су астында қалды.

Эпидемиолог мамандар су басқан ошақтарда топырақ пен судан сынама алып, тексеру жүргізген. Айтуларынша, қауіп жоқ, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!