Ұлыбританияда толассыз жаңбырдың соңы алапат тасқынға ұласты

13:00, 28 қараша 2024

© Сурет: pixabay

Ұлыбританияға төнген "Берт" дауылының тоқтайтын түрі жоқ. Толассыз жаңбырдың соңы алапат тасқынға ұласты. Бірнеше адам зардап шекті.

Понтипридд қаласының тұрғындары тасқынға төтеп беру үшін жасақтар құрып, үйлеріндегі суды далаға шелекпен шығаруға мәжбүр. Дүлей дауылдың кесірінен кемінде 5 адам зардап шекті. Жолдың барлығы жабылып, жұрттың дегбірі қашты, деп жазады qazaqstan.tv.

"Қабырғаны нығайту керек екенін бәрі біледі, бірақ оған ақша салуға дайын емес. Жылда біздің бойымызды үрей билейді. Әсіресе, қарт адамдарға қиын." Майк Лэтхэм, қала тұрғыны

Осыған ұқсас жойқын дауыл 4 жыл бұрын да болған. Дегенмен, билік одан сабақ алмады деп налиды тұрғындар. Метеорологиялық бюро дауыл басталардан 48 сағат бұрын ескерту жасадық деп ақталумен шектеліп отыр.

"Бұлттардың ішінде қанша су бар екенін дөп басып айту өте қиын. Тез анықтап олардың қайда жауатынын болжап үлгеруге тырыстық." Салли Дэвис, Метеорологиялық бюро өкілі

Ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі — Уэльстің оңтүстігі. Ронта Кинон Тав қаласындағы 300-ге жуық үй су астында қалған. Құтқару қызметі қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтады.

"Біз табиғатты қорғау агенттігімен тығыз байланыстамыз. Қазіргі уақытта суды сорғымен өзен жүйесіне қайтару мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз." Адриан Бэйрстоу, Өрт сөндіру станциясының басшысы

Климаттық дағдарыс Ұлыбританиядағы су тасқындары жиілеп, ауқымы арта беретіндігін меңзейді. Сәйкесінше, табиғат апаттар халықтың психикалық және физикалық денсаулығына ұзақ мерзім бойы кері әсер етпек. Жаһандық температура 2 градусқа көтерілгендіктен 2050 жылға қарай елде су тасқыны қаупі 61 пайызға артуы мүмкін.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!