Сенат банктер туралы заңды Мәжіліске қайтарды

16:55, 25 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

2025 жылғы 25 желтоқсанда өткен пленарлық отырыста Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңды Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Депутат Сергей Карплюктың айтуынша, заң банктік жүйенің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

"Қаржылық тұрақтылықты нығайту және заманауи нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру аясында заңда банктердің басшылық құрамына тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс-бақылау мәселелері бойынша қосымша біліктілік талаптарын енгізу арқылы корпоративтік басқару стандарттарын арттыру көзделген. Сондай-ақ тәуелсіз директорлар институтының рөлі күшейтіліп, оларға қойылатын қосымша талаптар белгіленіп, лауазымда болу мерзімі шектеледі", – деді ол.

Тәуелсіздік критерийлерінің сақталуына жыл сайынғы мониторинг жүргізу қарастырылған. Сонымен қатар реттеуші органның уәжді пайым қолдану аясы кеңейтіледі.

"Активтердің экономикаға тезірек қайта оралуын қамтамасыз ету мақсатында өндіріп алынған мүліктің банктердің балансында болу мерзіміне шектеу қойылады", – деп қосты сенатор.

Банк секторындағы бәсекелестікті ынталандыру үшін рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеуші талаптар деңгейі бойынша ерекшеленетін базалық және әмбебап лицензия түрлерін енгізу көзделген.

Исламдық қаржыландыруды дамыту мақсатында дәстүрлі банктерге қолданыстағы лицензия шеңберінде және исламдық банк операцияларын жүргізуге арналған қосымша лицензия алу арқылы исламдық банк қызметін жүзеге асыруға рұқсат беріледі.

"Бұл тәсіл банктерге жеке заңды тұлға құрмай-ақ исламдық қаржылық қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді, сонымен қатар шариғат қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Міндетті шарт ретінде исламдық қызметті банктің өзге қызметінен ұйымдастырушылық және есептік тұрғыда бөлу талап етіледі", – деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, заңды талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған құжатқа мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындаған:

  • базалық банктік лицензиядан әмбебап банктік лицензияға көшу (қайта рәсімдеу) кезінде пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтау талаптарын нақтылау;
  • қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдары бойынша тапсырмаларын орындау өкілеттігін нақтылау;
  • Қазақстан Республикасының резиденті емес ислам банкі филиалының белгілі бір инвестициялық қызметті жүзеге асыру құқығын белгілеу;
  • өтініштерде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) болмаған жағдайда, банктердің өтініштерді қараусыз қалдыру негіздерін толықтыру;
  • банк құпиясы талаптарын Мемлекеттік қазынашылық пен қазынашылық органдарына да қолдану;
  • банктік шоттардағы жеке немесе заңды тұлғалардың ақшасына және өзге мүлкіне тыйым салуға, мүлікке билік етуге уақытша шектеу қоюға жол берілмейтін қосымша жағдайларды белгілеу;
  • деректер витринасын енгізу мақсаттарын, онда қамтылуы тиіс ақпарат тізбесін регламенттеу, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға және банк құпиясын сақтауға міндетті тұлғалар шеңберін кеңейту. Деректер витринасына қатысты нормалардың қолданысқа ену мерзімін 2026 жылғы 1 маусымнан 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру;
  • төлем қабілетсіз жүйе құраушы банкті реттеуге арналған қаражат көзін нақтылау.

Осыған байланысты Сенат заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда қарау жөніндегі ұсыныспен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!