«Бір дәуірдің үні өшкендей...». Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов дүниеден озды

13:19, 21 желтоқсан 2025

© Фото: zakon.kz

Қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның Еңбек ері және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаралы хабармен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры желідегі парақшасында бөлісті.

"Бүгін қазақ театр және кино өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады.Қазақ сахнасының абызы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, актер, режиссер, ұлы ұстаз Асанәлі Әшімұлы Әшімов өмірден өтті. Бұл — бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қоштасуы. Асанәлі Әшімұлы сахна мен экранда ұлттық рухты асқақтатып, әр рөлімен тарихты сөйлете білді. Оның өнері — адалдықтың, тазалықтың, кәсібиліктің биік өлшемі болып қалды. Асанәлі Әшімұлының ғұмыр жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен тығыз байланысты. Ол бұл қасиетті қара шаңырақта актер ретінде де, көркемдік жетекші ретінде де ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етті. Сахнада сомдаған әрбір бейнесі қазақ театрының алтын қорына енді. Актерлік шеберлігімен, ішкі тереңдігімен, сахналық мәдениетімен ол Әуезов театрының биік деңгейін қалыптастырды. Оның қатысуымен театр репертуары көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілді", делінген театрдың Instagram-дағы парақшасында.

Асанәлі Әшімұлы театрда тек рөл ойнап қойған жоқ, ол тұтас бір актерлік мектеп қалыптастырғаны да баса айтылады.

"Жас артистерге сахна әдебі, мамандыққа адалдық, ұлттық рух пен жауапкершіліктің мәнін үйретті. Әуезов театры оның өмірлік тағдырына, ал ол театрдың тарихына айналды. Бүгін қара шаңырақта бір дәуірдің үні өшкендей. Алайда Асанәлі Әшімұлының рухы, сахнада қалдырған ізі мен ұстаздық мұрасы мәңгі жасайды", делінген қаралы хабарда.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!