Саран қаласында банк менеджері клиенттердің атына артық несие рәсімдеп, миллиондаған теңгені иемденген

14:08, 2 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz

Қарағанды облысының Саран қаласында банк қызметкері клиенттердің сұратқанынан әлдеқайда көп сомаға несие рәсімдеп, айырмашасын өз пайдасына жаратқан.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің 2026 жылғы 2 шілдедегі мәліметінше, алаяқтық жасады деген күдікпен банктердің бірінің 23 жастағы менеджері ұсталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті қызметтік өкілеттігін және клиенттердің сенімін пайдаланып, олардың атына сұралған сомадан әлдеқайда жоғары мөлшерде несие рәсімдеген.

Ал жәбірленушілер өздеріне аз көлемдегі несие берілді деп ойлаған. Ірі көлемдегі несиелік міндеттемелер туралы олар тек араға біраз уақыт салып қана білген.

Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші арызданған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын 6,9 миллион теңгеден асады.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркелді. Қазір күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарға өз атына алаяқтық жолмен несие рәсімделген жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсіндірген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!