Президент су тасқынынан кейін өңірлерді қалпына келтіруге қатаң мерзім қойды

13:20, 25 сәуір 2024

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға қанша уақыт ішінде өтемақы төленетінін және үйлерін қалпына келтіретінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚХА-ның XXXIII сессиясының отырысында Мемлекет басшысы табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес екенін атап өтті. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі.

"Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін.",- деп мәлімдеді Тоқаев.

Сонымен қатар, алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салатынын атап өтті.

"Сонымен бірге өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын"Қасым-Жомарт Тоқаев

Айта кетейік, 2024 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтуде.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!