Елімізде жүргізуші куәлігі әлеуметтік желіде ашық саудаланып жатыр

11:12, 4 мамыр 2024

© Сурет: Zakon.kz

Жүргізуші куәлігі әлеуметтік желіде ашық саудаланып жатыр. Үш жылда 60 мың құжат заңсыз берілген. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Енді құзырлы орган құрық салып, жүргізуші куәлігін беретін мекеменің жұмысын қатаң бақылауға алады.

Келешек көлік тізгіндеушілер де жіті тексерістен өтеді, деп жазады qazaqstan.tv.

Жалған дерек, заңсыз құжат. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан осындай жағдай анықталған. Құзырлы органдағы сала қызметкерлері тестілеу кезінде өзге адамды кіргізіп, жауабын алдын ала әзірлеп, сыннан сүрінбей өтуге сеп болған.

"Осы фактілер бойынша органдармен тиісті тексерулер жүргізілді. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын жемқорлық субъектеріне жатқызу мәселесі пысықталуда. Заңнама жүзінде егерде біз осыны жүзеге асыратын болсақ кінәлі халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарына міндетті түрде барлық мына лауазымды тұлғалар сияқты заңның ең қатаң жазалар қолданылады." Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жемқорлық тәуекелдерін талдау басқармасының басшысы

Бір алаяқ анықталса да, екіншілері айылын жияр емес. Қысқасы сабақ болмай тұр. Сондықтан жүргізуші куәлігін алу ережелері өзгертілді. Енді жеңіл көлік пен мотоциклді жүргізу үшін міндетті түрде арнайы мектептерде оқу керек. Өз бетінше даярланып, емтихан тапсыруға болмайды.

"Барлық автомектептердің жүйесі "Автомектеп" деген ақпараттық жүйе арқылы қадағалауға алынды. Кез келген үміткер автомектеп ақпараттық жүйесіне тіркеліп, содан кейін ғана барып куәлік алғандығы жөнінде ақпараттық жүйеде енгізілетін болады.0215 Жалған жүргізуші куәлігін пайдаланған жағдайда 160 АЕК айыппұ немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынады" Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы

Қылмыспен күрестің барын білсе де, қымсынып жатқан ешкім жоқ. Мұндай жарнамадан көз сүрінеді. Құжат әлеуметтік желіде қызу саудаға түскен. Онда жол ережесін оқу және тест тапсырудың да қажеті жоқтығы жазылған. Ақысын төлесе, іс бітті. Сондай бір пысықайдың бірімен байналысып көрейік.

"Сәлеметсіз бе? Куәлік сатып алайын деп ем? Қанша тұрады? Иә, заңды. 220 мың теңге тұрады. Екі күнде дайын болады" Ақмаржан Ғафизқызы, Тілші

Міне, көргеніңіздей, жүргізуші куәлігі ашық саудада. Бірақ, оңай алынған құжаттың салдары қауіпке апарады. Себебі, жол жүру ережесін білмей, көлік тізгіндеу – біреудің өмірін қиюы мүмкін. Ал жолдағы қателік ешқашан кешірілмейді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!