Президент 1 сәуірге дейін шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуді т

13:18, 10 ақпан 2026

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлікті дамыту және шағын, орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне тоқталды.

"Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді", — деді Президент.

Мемлекет басшысы шақырым бизнес секторының үлесін атап, жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесін бағалады.

"Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Бұл – кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дегенмен Президент қазіргі жағдайға қанағаттануға болмайтынын айтты.

"Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек", — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейі мен санатына қарай саралау қажеттілігін атап өтті.

"Шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуға тиіс. Кәсіпкерлерді "күнкөріс режимінен" шығып, тұрақты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды. Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет", — деді Президент.

Сонымен қатар, Үкімет пен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тапсырмалар берді.

"Үкімет "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс. Әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тікелей қолдана алатын біртұтас цифрлық экожүйе жасалуы қажет", — деді Мемлекет басшысы.

Президент реттеушілік кедергілерді азайтудың маңыздылығын атап өтті.

"Қазіргі реттеу шаралары кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі туғызады, материалдық шығын келтіреді. Осы кедергілер мен шығындарды азайту үшін кезінде шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ мораторий мерзімі аяқталған сәтте бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мысалы, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан. Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Мұндай тексерулердің орнына медициналық қорды немесе жекеменшік мектептерді, әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру керек еді", — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев реттеушілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты міндетті анықтады.

"Блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту керек. Бұл ретте "Реттеуші сары парақтар" (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет", — деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!