Президент медицина саласы қызметкерлерін құттықтады

10:07, 16 маусым 2024

© Сурет: primeminister.kz

2024 жылы 16 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің құттықтау сөзін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

"Құрметті дәрігерлер! Қадірлі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз зор үлес қосып келесіздер. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы миссия.Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент медицина саласы қызметкерлерінің "Адал азамат" тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүргендерін айтты.


"Қоғамның игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!", - деді Президент.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!