Президент ауыл шаруашылығындағы бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін заңмен бекітуді ұсынды

15:29, 20 қараша 2026
MKZ: 1578862

© Фото: pexels

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жерден пайда көретін бизнес өкілдері ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға да үлес қосуға тиіс, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент туған жерінің өркендеуіне үлес қосып, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға мемлекет әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар ол жерден пайда тапқанымен, үлкен қалаларда немесе шетелде тұратын, өз шаруашылықтарына бармайтын және жергілікті тұрғындардың мәселелеріне араласпайтын кәсіпкерлер бар екенін айтты.

"Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық секторда кәсіп жүргізетіндердің барлығы, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауы керек.

Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Әсіресе, тұрақсыз кезеңде бұл саланың маңызы арта түсетінін жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!