Полицияда KazTAG бас редакторының ұсталуына қатысты түсініктеме берілді

09:24, 24 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

Алматы қаласының Полиция департаментінде 23 желтоқсанда KazTAG агенттігінің бас редакторының ұсталуына қатысты ақпарат берілді.

Алматы қалалық ПД-ның Zakon.kz сайтының сұрауына берген мәліметіне сәйкес, KazTAG редакциясы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жеке компания өкілінің жазбаша өтініші негізінде басталған. Өтініште олардың іскерлік мүдделері мен беделіне елеулі зиян келтірген, көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет таратқаны туралы деректер көрсетілген.

"Тергеп-тексеру барысында тергеу әрекеттері қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілді. Жиналған материалдардың жиынтығын, тергеу сатысын және заңда көзделген негіздерді ескере отырып, 23 желтоқсанда KazTAG бас редакторы ұсталып, Астана қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.

Тергеу әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 10 желтоқсанда Orda және KazTAG қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының төңірегіндегі жағдайға пікір білдірген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!