Павлодарда жүкті жеңгесін ұрып-соққан ер адам қамауға алынды: бала шетінеп кеткен

22:51, 28 наурыз 2024

© Сурет: pixabay

Павлодарда жүкті жеңгесін ұрып-соққан ер адам қамауға алынды. Әйелдің ішіндегі тоғыз айлық бала шетінеп кетті, деп хабарлайды Zakon.kz pavlordanews.kz-ке сілтеме жасап.

12 ақпанда №1 қалалық ауруханаға жедел жәрдеммен ауыр халдегі науқас келіп түскен. Әйелде ми контузиясы, бас сүйегінің сынуы сияқты жарақаттар болған. Аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Сафиулланың сөзінше, 37 апталық нәрестесі шетінеп кеткен.

"Реанимацияға түскеннен кейін оны көптеген мамандар қарап шықты. Гинекологтар, нейрохирургтар, травматологтар қатысқан консилиумда отаны екі кезеңмен жүргізу туралы шешім қабылданды. Сынған бас сүйектерін, гематоманы алып тастау және кесар тілігін жасау керек болды", - деді дәрігер.

Оның айтуынша, науқас ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Бүгінде әйелдің жағдайы орташа, дәрігерлердің қаралуында тиісті емін алуда. 28 жастағы науқас ауруханаға қалай түскенін және осындай жағдайға қалай тап болғаны есінде жоқ.

Әйел маусымда тұрмыс құрған, Ертіс ауданынан Павлодарға көшіп, отбасымен бірге тұрған.

"Күйеуіммен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Бір-бірімізді жақсы көріп үйлендік. Оның туысқандары мені жақсы қабылдады, ешқандай қиындықтар болған жоқ. Менің есімде ештеңе қалмады. Кім ұрғанын да білмеймін", - деді әйел.

Дәрігерлер науқастың алған жарақаттарынан жадының қалпына келуі үшін уақыт керек екенін айтып отыр.

"Ол әлі ұзақ уақыт оңалтудан өтеді. Невропатологтың, психологтардың бақылауында болады", - деді Дәурен Сафиулла.

Облыстық полиция департаментінде кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеуді бастағанын және әйелді ұрып-соққан күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.


"12 ақпанда күдікті есірткіге мас күйінде ер адам үлкен ағасының жұбайына дене жарақатын келтіргені анықталды", - деп хабарлады полиция департаменті.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!