Мопедті тіркеу үшін қандай құжаттар қажет

10:17, 10 қаңтар 2025

© Фото: pexels

ІІМ 2024 жылғы 27 желтоқсандағы бұйрығымен мопедтерді тіркеу үшін құжаттар тізбесін айқындайтын Көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мопедті тіркеу үшін иесі (иесінің өкілі) мына құжаттарды ұсынуы керек:

  • жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру мақсатында) немесе цифрлық құжаттама қызметінен электронды түрде;
  • Салық кодексінің 553 және 615-баптарында көзделген көлік құралын тіркеу туралы куәлік, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бергені үшін тіркеу алымы мен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар;
  • мопедті мемлекеттік тіркеу туралы өтініш;
  • техникалық құжат (бар болса) немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ақпарат;
  • мопедке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда, сәйкестендіру нөмірін тіркеу іс-шаралары жүргізілгенге дейін мопед иесінің өтініші бойынша уәкілетті орган береді;
  • көлік құралын тексеру актісі (көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде);
  • алдыңғы көлік құралын тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (бар болса);
  • меншік иесінің өкілі жүгінген жағдайларда келісім немесе сенімхат.

Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін пайдалана отырып, көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару үшін қажетті құжаттар тізбесіне де осындай толықтыру енгізілді.

Бұйрық 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, механикалық көлік құралын (бастапқы мемлекеттік тіркеуден өтетін көлік құралын қоспағанда) немесе тіркемені тіркеу ставкасы 0,25 АЕК (2025 жылы 983 теңге) құрайды. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік алу үшін 1,25 АЕК (2025 жылы 4 915 теңге) төлеу керек.

Мопед жүргізушілері толыққанды жол қозғалысына қатысушыларға теңестірілгенін, олар көліктерін тіркеп, А1 санатының куәлігін алуы қажеттігін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда мопедтердің қалай тіркелетінін түсіндірді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!