Мемлекет басшысы экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің тиімді жолын ұсынды

13:23, 10 ақпан 2026

© Сурет: akorda.kz

Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Мемлекет басшысы мұндай мәлімдемені Үкіметтің кеңейтілген отырысында жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі.

"Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр "шыбық басын сындырмай", еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет дегенді талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды. Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс". Қасым-Жомарт Тоқаев

Ел президентінің айтуынша, экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту.

"Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе".Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін мемлекет басшысының шикізатқа тәуелділікті доғаруды тапсырғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!