Land Rover, пәтер және жер телімдері: кәсіпкердің 1 млрд теңгелік мүлкі тәркіленді

09:51, 25 тамыз 2026
MKZ: 1563206

© Фото: pexels

Шығыс Қазақстан облысында темір кені мен темір кені концентратын заңсыз өнеркәсіптік жолмен өндіріп, кейін оны ел ішінде және шетелде сатқан кәсіпкерге үкім шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 25 тамызда Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлімдеді:

"Шығыс Қазақстан облысында "AK Metal" ЖШС басшысы Д.К.Бектемиров бір жылға бас бостандығынан айырылды".

Тергеу барысында серіктестікке берілген лицензия тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға мүмкіндік беретіні анықталды. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеулер деген желеумен темір кені мен темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндіріп, кейін оны Қазақстанда және шетелде сатқан.

"Кен өндіру жұмыстары салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа айтарлықтай техногендік әсерін тигізді", – делінген ҚМА хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, барлығы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған.

Қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1 млрд теңгеден асты.

Сотталған азамат бұл қаражатқа қымбат мүлік сатып алған:

  • Land Rover автокөлігі;
  • бес бөлмелі пәтер;
  • үш коммерциялық нысан;
  • екі автотұрақ орны;
  • Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі жер телімі.
"Сот құны 1 млрд теңгеден асатын аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

2026 жылғы 17 тамызда Қаржылық мониторинг агенттігінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражатты жымқыру фактілерінің жолын кесу жұмыстары аясында Қазақстанда алаяқтық жағдайларының жиілегені белгілі болды. Осыған байланысты ҚМА медициналық ұйымдардың басшыларына үндеу жасады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!