Білім додаларындағы мың медаль: Тоқаев оқушылардың жетістігін мақтан тұтатынын айтты

14:18, 24 тамыз 2026
MKZ: 1563060

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесу барысында қазақстандық оқушылардың білім саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алған. Оның 200-ден астамы – алтын медаль.

Президент халықаралық физика олимпиадасында ерекше нәтиже көрсеткен оқушыларға арнайы тоқталды. Беделді білім додасына Қазақстан атынан қатысқан бес оқушының барлығы алтын медаль иеленген.


"Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыт бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның нағыз дарынды жастардың елі екенін атап өтіп, ұл-қыздарымыздың барлық бағытта, әсіресе, білім саласында үздіктер қатарынан көрініп келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар Президент еліміздің тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Оның сөзінше, Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылып, ғылымға, білім мен инновацияға басымдық беретін жаңа Конституция қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ел тарихында алғаш рет өткен Құрылтай сайлауына да тоқталды. Мемлекет басшысы сайлаудың сәтті әрі мінсіз ұйымдастырылғанын айтып, жаңару стратегиясын қолдап, азаматтық кемелдік танытқан халыққа алғыс білдірді.

Сондай-ақ Президент сайлау кезінде тиімді жұмыс атқарған отандық және халықаралық байқаушыларға, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне ризашылығын жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!