Құрылыс талаптарын бұзғандарға қатаң шара қолданылады – Өнеркәсіп министрі

14:08, 4 қараша 2026
MKZ: 1575916

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026 жылғы 4 қарашада Үкіметтегі брифингте елдегі құрылыс нысандарын бақылау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің айтуынша, ведомствоның басты міндеті – құрылыс нысандарының сапасын бақылау.

"Құрылыс кодексін қабылдау кезінде құрылыс компанияларымен пікірталас болды. Көпшілігі құрылысқа бақылауды күшейтуге қарсы шықты. Биыл шілдеде Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін талаптар күшейтілді. Үкімет тарапынан біз де осы қатаң ұстанымды қорғадық. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының шаралары күшейтілді. Өздеріңіз білесіздер, бізде жедел ден қою функциясы бар. Енді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (ГАСК) құрылыс жүріп жатқан кезде нысанға барып, тексеру жүргізе алады, құрылысты тоқтата алады, тіпті лицензияны қайтарып алуға дейін құқығы бар. Бұрын ГАСК құрылысты тоқтату туралы нұсқама беретін. Ал мердігер бұл нұсқамаға сотта шағым түсіріп, құрылыс жұмыстарын жалғастыра беретін. Енді нұсқама берілген сәттен бастап сот шешімі шыққанға дейін мердігердің құрылыс жұмыстарын жалғастыруға құқығы жоқ", – деді Нағаспаев.

Министрдің атап өтуінше, енді бұл талаптардың барлығы тиісті құжаттарда нақты бекітілген.

"Қабылдау-тапсыру актісіне ГАСК пен төтенше жағдайлар органдары өкілдерінің қолын қою талабын енгіздік. Кеше ғана Ресейдегі бірқатар сарапшымен сөйлестім. Олар төтенше жағдайлар органдары, өрт сөндіру қызметі немесе тіпті әлеуметтік қорғау органдарының қорытынды беруі артық шара болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ бұл артық емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін біз қатаң шаралар қабылдаймыз. Мұндай жаңашылдықтар бізде көп. Ендігі міндет – осының бәрін Үкіметтің қатаң бақылауында ұстау. Біз мұны қамтамасыз етеміз. Цифрландыру мәселесін айтпағанда. Қазір мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс барысын бақылау үшін нысандарға бейнекамера орнату тетігін пысықтап жатырмыз. Сондай-ақ Қаржы министрлігімен құжаттама цифрлық форматта болмаса, мердігерлердің шоттары бойынша төлем жасалмайтыны туралы мәселені қарастырып жатырмыз", – деп толықтырды Өнеркәсіп министрлігінің басшысы.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс нысандарын тексеру нәтижелерін Құрылтайға жолдайтынын хабарлаған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!