Қазақстандық жасанды интеллект әлемдік нарыққа шықты: отандық әзірлеушілер инвесторлардың назарын аударды
© Фото: pixabay
Қазақстандық Higgsfield стартапы әлемдік инвесторлардың қызығушылығын тудырды. Ал оның әзірлемелерін қазірдің өзінде 40 миллионнан астам адам пайдаланады. Отандық мамандар жасанды интеллект саласында әлемдік нарыққа қалай шығып жатыр және бұл ел экономикасына не береді? Zakon.kz тарқатады.
Қазақстандық мамандар халықаралық нарыққа арналған технологиялық өнімдерді әзірлеуге белсенді қатысып келеді. Осындай жобалардың бірі – генеративті жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Higgsfield компаниясы.
Global Banking & Finance Review басылымының жазуынша, компанияның дамуы NVIDIA және TCV венчурлік компаниясы сияқты ірі әлемдік инвесторлардың назарын аударған. Британдық халықаралық қаржы-талдау басылымы өз материалында Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан жасанды интеллект саласына да тоқталған.
Higgsfield жасанды интеллект көмегімен видео жасауға арналған құралдарды әзірлейді. Компанияның мәліметінше, платформаның тіркелген пайдаланушыларының саны 40 миллионнан асқан. Сонымен қатар жобаның Қазақстанмен тікелей байланысы бар: мұнда халықаралық аудиторияға арналған өнімді әзірлеу және дамыту жұмыстарына 300-ден астам маман қатысады.
"Компания бизнесті кеңейту үшін инвестиция тартуды жалғастырып келеді. 2026 жылғы тамызда Higgsfield Series B инвестициялық раунды аясында 400 миллион доллар тартып, компанияның бағасы 5,4 миллиард долларға жетті. Кейін компания NVIDIA мен TCV венчурлік компаниясының қатысуымен инвестициялық раундты кеңейтетінін мәлімдеді. Мұндай инвесторлардың қызығушылығы генеративті жасанды интеллект технологияларына, соның ішінде видеоконтент жасау мен өңдеуге арналған құралдарға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді", – делінген жарияланымда.
Бұл қазақстандық командалардың миллиондаған адам пайдаланатын жаһандық технологиялық өнімдерді әзірлеуге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, ел экономикасы үшін бұл әлеуеттің қандай бөлігі Қазақстанның ішінде дамитыны маңызды. Атап айтқанда, инженерлер мен зерттеушілердің қайда жұмыс істейтіні, жаңа құзыреттердің қалыптасуы, білікті жұмыс орындарының ашылуы және әзірленген технологияларға зияткерлік меншік құқықтарының елде сақталуы ескерілуі керек.
Айта кетейік, мұндай тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес келеді. Онда жасанды интеллект нақты экономикалық нәтиже беретін жаңа экономиканы қалыптастыру қажеттігі айтылған.
"Әңгіме еңбек өнімділігін арттыру, жоғары технологиялық салаларды дамытуға жағдай жасау және қосылған құны жоғары өнімдер шығару туралы болып отыр. Бұл тұрғыда технологиялық компанияларға салынған инвестиция көлемі ғана емес, олардың Қазақстанда қалыптастыратын кәсіби құзыреттері де маңызды", – делінген жарияланымда.
Higgsfield отандық технологиялық экожүйенің кеңеюі аясында дамып келе жатқанын да атап өткен жөн.
Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда нарықтық бағасы 1 миллиард доллардан асатын бес технологиялық компания бар. Дегенмен мамандар компанияның жоғары бағалануы оның ел экономикасына қосатын үлесі де соған сай дегенді білдірмейтінін атап өтеді.
Мұндай үлес Қазақстанда қанша маманның жұмыс істейтініне, негізгі әзірлемелердің қайда жүргізілетініне, экспорттан қанша табыс түсетініне және жасалған технологияларға құқықтардың елде сақталуына байланысты.
"Цифрлық сектордың даму қарқыны мұндай өсімге негіз болатын мүмкіндіктердің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын ішкі шығындар 2018 жылғы 72,2 миллиард теңгеден 2025 жылы 261,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Ал 2020–2025 жылдары IT-қызметтер экспорты 33,5 миллион доллардан 1,142 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіштер Higgsfield компаниясының қаржылық нәтижелерін емес, жалпы саланың даму деңгейін сипаттайды. Дегенмен олар цифрлық технологиялардың Қазақстан экономикасы мен сыртқы саудасындағы маңызы артып келе жатқанын аңғартады", – деп жазады басылым.
Жарияланым авторларының пікірінше, келесі міндет – осындай компаниялардың халықаралық жетістіктері ел ішінде ұзақ мерзімді нәтиже беруіне қол жеткізу. Яғни жаңа кәсіби құзыреттер қалыптасып, жұмыс орындары ашылып, отандық әзірлемелер мен экспорттық табыс көлемі артуы қажет.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:01, 3 қараша 2026
Таразда 17 млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктілер ұсталды
-
17:46, 3 қараша 2026
Ирина Юнусметова нысана көздеуден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
-
17:37, 3 қараша 2026
Ақтөбедегі Неке сарайында әйелді пышақтап өлтірді
-
17:33, 3 қараша 2026
Қазақстанда 4 қарашада ауа райы қандай болады
-
17:00, 3 қараша 2026
Тоқаев Болгария Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады





