Көпбалалы отбасылар 39 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы алды

11:01, 19 наурыз 2024

© Сурет: Zakon.kz

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше 2024 жылғы ақпанда көпбалалы отбасылар 39 миллиард теңге жәрдемақы алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомстваның мәліметінше, жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 574,5 мың отбасы жалпы сомасы 77,1 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде ақпан айында 577,3 мың отбасыға 39 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз.

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!