Конституциялық сот Үкіметке төрелік туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруді ұсынды

10:45, 14 қыркүйек 2024

© Сурет: freepik

13 қыркүйекте Конституциялық сот төрелік туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру туралы мәселені қарауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Төрелік туралы заңның 52-бабының "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен қолданысқа енгізілген 3-тармағында төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты, атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес деп белгіленеді. Бұл норма төрелік шешімнің күшін жоюға ғана емес, сонымен қатар атқару парағын беруден бас тартуға байланысты мәселелерді қозғайды, ал бұл Төрелік туралы заңның 52-бабы тақырыбының және жалпы мазмұнының шегінен тыс.

Көрсетілген норма қолданысқа енгізілгенмен, оның 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 1090-бабының және 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 255-бабының нормаларымен, Төрелік туралы заңның 52-бабы 2-тармағы арақатынасы мәселесі шешілмеген күйінде қалып қалды, бұл тармақ, егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келсе, сотқа төрелік шешімнің күшін жоюға мүмкіндік береді.

Бұзылуы соттың төрелік шешімнің күшін жоюға әкеп соғатын Қазақстан Республикасының жария тәртібі деп Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері түсініледі (Төрелік туралы заңның 2-бабының 1) тармақшасы). Демек, қолданылатын терминология жария тәртіп пен құқық тәртібінің негіздерін бірдей етеді, бұл ретте біріншісінің бұзылуы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде осындай деп танылған құқық тәртібі негіздерінің кез келген элементтеріне қолсұғушылықтан көрінуі мүмкін.

Төрелік талқылау қағидаттарын (тараптар еркінің дербестігі, тәуелсіздік, әділеттілік және басқалар) назарға ала отырып, атап өтілген терминологияның формалды айқындылығы мен анықтығын қамтамасыз ету мақсатында оны түзету ұсынылады.

"Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасының жария тәртібі" анықтамасы заң ережелерін өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермей, құқыққа сыйымды мінез-құлықты құқыққа қайшы мінез-құлықтан толық айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп пайымдайды", делінген құжатта.

Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мынаны қаулы етеді:

  1. "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын. Қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
  3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
  4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!