Көмек сұрап, кейін мерт болған әйелдің қоңырауын жауапсыз қалдырған ТЖД қызметкері сотталды

21:23, 17 қыркүйек 2024

© Сурет: pxhere

Ақтөбе қаласының №2 сотында абайсызда ауыр зардаптарға әкеліп соққан салғырттық айыбымен ТЖД қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сотталушы Қ. Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға орын алған күн - 2024 жылы 9 маусымда ол тәулік бойғы кезекшілікте болған.

"Сол күні шамамен сағат 12.18-де жәбірленуші С. 112 нөміріне қоңырау шалып, "Мені өлтіргелі жатыр" деп айтқан. Сотталушы Қ. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, аталған хабарламаны елемей, ішкі істер органдарының жасақтарын қылмыс орнына жұмылдыруға бағытталған шұғыл әрекеттер жасамаған, осылайша өзінің орындауға тиіс функционалдық міндеттеріне салғырттық танытқан. Салдарынан С-тің өлімі орын алған", делінген сот хабарламасында.

Жәбірленушінің өкілі сотталушы Қ-ға қатысты 300 000 теңге көлеміндегі материалдық және 5 000 000 теңге көлеміндегі моральдық шығындарды өндіру жөніндегі азаматтық талап-арыз ұсынды. Сотталушы мен жәбірленушінің арасында медиациялық келісім бар.

Сотталушы сот отырысында кінәсін толық мойындады.

Сот Қ-ны ҚР ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы өтініші бойынша қараусыз қалдырылды. "Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті" РММ басшысына тиісті шара қолдану үшін сотпен жекеше қаулы шығарылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!