Көлік министрлігі аптап ыстықта асфальт жол жабындыларының неге деформацияға ұшырайтынын айтты

18:43, 17 шілде 2026
MKZ: 1556742

© Сурет: Zakon.kz

Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы еліміздің асфальт жол жабындылары қандай жағдайда деформацияға ұшыратынын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы елімізде қалыптасқан аптап ыстық ауа райына байланысты төмендегіні хабарлайды:

"Соңғы апталарда еліміздің бірқатар өңірлерінде ауа температурасы +35…+40°С-қа дейін көтеріліп, жекелеген аймақтарда +40°С-тан асты. Бұл ретте автомобиль жолдары жамылғысының температурасы ауа температурасынан едәуір жоғары болып, +60…+70°С және одан да жоғары көрсеткіштерге жетуі мүмкін. Осындай жағдайларда цементбетон жамылғысындағы автомобиль жолдары жоғары температуралық жүктемелерге ұшырайды. Жоғары температура әсерінен цементбетон плиталарында табиғи жылулық ұлғаю процесі жүреді, соның салдарынан жол төсемінің конструкциясында ішкі қысым кернеулері пайда болады. Белгілі бір шекті мәнге жеткен жағдайда бұл кернеулер жамылғының жекелеген учаскелерінде температуралық деформацияларға (цементбетон плиталарының көтерілуі немесе қисаюы) алып келуі мүмкін".

Ведомство мәліметінше, аталған құбылыс цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдарының пайдалану ерекшеліктерінің бірі болып табылады және әлемдік инженерлік тәжірибеде кеңінен белгілі. Осындай жағдайлар цементбетон жолдары кеңінен қолданылатын АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Австралия және басқа да мемлекеттерде бірнеше рет тіркелген.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұндай деформациялардың негізгі себебі бетонның жоғары температура әсерінен бұзылуы емес, цементбетон плиталарының жылулық ұлғаюы нәтижесінде туындайтын ішкі температуралық кернеулердің жинақталуы болып табылады. Бұл процесс халықаралық жол саласы ғылымында жан-жақты зерттелген және автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану кезінде ескерілетін факторлардың бірі саналады.

Автомобиль жолы жамылғысының температурасы ауа температурасынан айтарлықтай жоғары болатынын ескерген жөн.

"Мәселен, ауа температурасы +40°С болған жағдайда цементбетон жамылғысының беткі температурасы +65…+75°С-қа дейін жетіп, жол конструкциялары үшін экстремалды пайдалану жағдайларын қалыптастырады. Температуралық деформациялардың орын алуы автомобиль жолының құрылыс технологиясының бұзылғанын немесе пайдаланылған материалдардың сапасыз екенін білдірмейді".

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының жол ұйымдары цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуде.

"Анықталған барлық ақаулар қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жедел түрде жойылады. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы экстремалды температуралық жағдайларда цементбетон жамылғыларында орын алатын жекелеген температуралық деформациялар әлемдік пайдалану тәжірибесінде кездесетін болжамды эксплуатациялық фактор болып табылатынын атап өтеді. Ахуал тұрақты бақылауда. Автомобиль жолдарының жай-күйіне ғылыми және техникалық мониторинг күшейтілген режимде жалғасуда", делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы рекордтық жүктемеге тап болғаны хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!