Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді – Президент
© Фото: akorda.kz
Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі. Бұл туралы мемлекет басшысы 2026 жылғы 5 қаңтардағы Turkistan газетіне берген ауқымды сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы жұрт жеке меншік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастағанын атап өтті.
"Мен мемлекеттік билік жүйесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, сөзбен де, іспен де ұлттық буржуазияның заңды мүддесін қорғауға тырыстым. Себебі, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсінемін. Тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендеріміз қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас. Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүргенде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсайтынын және елден дараланып көзге түскісі келмейтінін көріп, таңғалдым. Миллиардтаған қаржысы бар адамдар қонақүйдің қарапайым бір бөлмесінде тұруға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұшпақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дағды".Мемлекет басшысы
Оның сөзінше, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қалыпты көрінетін өмір салты кейде қоғамның наразылығын тудырып жатады.
"Мұндай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес",- деді ол.
Сондай-ақ, президент Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесу өткізіп, оларға қандай сын айтқанын ашып айтты.
"Жаңа ғана сөз болған қайырымдылық туралы, отаншылдықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек. Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр". Мемлекет басшысы
Ол Қазақстанда көп нәрсе өзгергенін баса айтты. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Тек ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр.
"Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді. Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды. Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға "бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?" деп сұрақ қойдым. Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады. Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті". Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұл ретте, президент қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы "Мейірім" орденін енгізгенін мәлімдеді.
"Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады",- деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы туралы сөз қозғағанын жазғанбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
22:58, 6 қаңтар 2026
Туристік жолдамалар мен алтын бұйымдар: Шымкентте көпті шырылдатқан күдікті әйел ұсталды
-
22:46, 6 қаңтар 2026
Венесуаладағы әскери операция Трампқа қарсы импичмент жариялауға түрткі болмақ
-
21:41, 6 қаңтар 2026
Жетісу облысында мұғалімдер шағымынан кейін мектеп директоры жұмысынан шеттетілді
-
21:28, 6 қаңтар 2026
«Тұман, боран, көктайғақ». Сәрсенбіде еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды
-
20:54, 6 қаңтар 2026
«Ақысын криптовалюта түрінде алған». Ақмола облысында есірткіні жасырын жерге қойып кетуші қолға түсті





