Асу Алмабаев UFC турниріндегі жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

16:26, 18 қараша 2026
MKZ: 1578419

© Сурет: Instagram/asu_almabayev

UFC-дің аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуіне үміткерлердің бірі қазақстандық Асу Алмабаев 2026 жылғы 21 қарашада Катардың Доха қаласында жапониялық Кёджи Хоригучимен өтетін жекпе-жек алдындағы мүмкіндіктері мен оның маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

UFC баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әзербайжанның Баку қаласында Чарльз Джонсонды жеңгеннен кейін Алмабаев соңғы үш жылда аса жеңіл салмақтағы жеңістер саны бойынша үшінші орынға көтерілген. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек қазіргі чемпион Джошуа Ваннан кейін тұр.

Бұл – спортшының 2023 жылғы тамызда UFC-дегі дебютінен бері табысты өнер көрсетіп келе жатқанын аңғартады.

"Тек табанды түрде жаттығып, алдымызға мақсат қойып, соған қарай ұмтылу керек. Жеңіске жетуді жалғастыру қажет. Осы деңгейге жеткенде, тынымсыз еңбек етсеңіз, міндетті түрде мақсатыңызға жетесіз", – деді Асу Алмабаев.

Алмабаев Хоригучимен өтетін маңызды жекпе-жекке октагонда 7 жеңіс, 1 жеңіліс көрсеткішімен және қатарынан үш жеңіспен келіп отыр.

"Әр жекпе-жекте, әр раундта бар күшімді саламын. Жекпе-жектерімді көрсеңіздер, бірде-бір раундта қарсыласқа есе жіберген немесе төрешілердің екіұшты шешімімен жеңген кезім болмаған. Мен не мерзімінен бұрын жеңіске жетемін, не нокаутпен ұтамын. Мен үшін жеңіс әрдайым басты мақсат. Сондықтан ешқандай күмән қалмайтындай сенімді түрде жеңіске жеткім келеді", – деді спортшы.

Алдағы Хоригучимен жекпе-жек Асуға UFC чемпионы атану жолында тағы бір маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.

"Бұл – керемет мүмкіндік. Ол – спортта көптен бері жүрген, өзін талай рет дәлелдеген аңыз спортшы. Сондықтан осындай қарсыласпен жекпе-жекте өзіңді көрсету маңызды. UFC не істеп жатқанын жақсы біледі. Олар чемпиондық белбеу үшін күресуге мүмкіндік бермес бұрын, спортшыны жайдан-жай октагонға шығармайды. Олар сені Кёджи сияқты қарсыласпен жұдырықтастырып, чемпиондыққа таласа алатыныңды тексереді. Мен жоғарыға көтерілу үшін қарсыластардан қашатын немесе өзіме ыңғайлы қарсылас таңдайтын спортшылардың қатарынан емеспін", – деді Асу Алмабаев.

Жетістіктеріне қарамастан, Алмабаевтың чемпиондыққа үміткер ретіндегі орнын және мүмкіндіктерін әлі де күмәнға алатын сыншылар бар. Әсіресе, талантты спортшылар көп шоғырланған 125 фунтқа дейінгі салмақ дәрежесінде оның деңгейіне қатысты пікірталас жалғасып келеді.

"Жекпе-жектің соңына дейін күресіп, қиындықпен келетін жеңіске жетуге тырысамын. Көп адам менің қабілетіме, шеберлігіме және жеңістеріме күмән келтіреді. Бірақ бұл – өз мүмкіндігімді, жан-жақты спортшы екенімді және дәл қазір өз орнымда тұрғанымды көрсетуге жақсы мүмкіндік. Қарсыласымды басымдықпен жеңіп, жекпе-жекті тез аяқтап, көрермендерге қызықты айқас көрсеткім келеді. Сол үшін бонус алып, жақсы ақша тапсам деймін", – деді Алмабаев.

Асу Алмабаев пен Кёджи Хоригучи арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Катардың Доха қаласында UFC Fight Night 294 турнирінің негізгі кардында өтеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!