Қазақстандағы өндіріс орындарының толық жұмыс істеуіне не кедергі
© Фото: primeminister.kz
Құрылтай депутаты Наталья Годунова 2026 жылғы 23 қарашада Қазақстандағы кейбір өнеркәсіп орындары қаржы, шикізат және кадр тапшылығына байланысты өндірісті іске қоса алмай немесе толық қуатында жұмыс істей алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін ынталандыруға арналған түрлі қолдау тетіктері бар. Алайда жобаларды жүзеге асырудың әр кезеңінде бірқатар кедергілер кездеседі.
"Біріншіден, инфрақұрылым мен қаржыландыру арасында алшақтық бар. Мемлекет есебінен инфрақұрылым салынады, бірақ қаржының жетіспеуінен өндіріс іске қосылмай қалады. Кейде керісінше жағдай да кездеседі. Бұл ретте "Өнеркәсіптік саясат туралы" ҚР Заңы офтейк-келісімшарттарды кепіл ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда іс жүзінде бұл тетік кәсіпорындардың несие алуына әрдайым жол аша бермейді. Екінші мәселе – кәсіпорынды пайдалануға беру мен оны жобалық қуатына шығару кезеңдерінің арасындағы алшақтық. Қолдау көбіне құрылыс пен жабдық сатып алу кезеңінде аяқталады. Ал одан кейін кәсіпорынға айналым қаражаты, шикізат пен кадрлар қажет. Бұлар болмаса, өндірістік қуат толық пайдаланылмайды", – деді Наталья Годунова.
Депутат ірі кәсіпорындардың өзінде шикізат тапшылығы туындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қазір мұнай-газ химиясы өнеркәсібіне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Құжатта өндірісті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін реттеу де көзделген.
"Үшінші мәселе – өндірісті құру мен дайын өнімді өткізу арасындағы кезеңде туындайды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін офтейк-келісімшарттар арқылы отандық өнімге кепілді сұранысты қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл тетік жай ғана қағаз жүзіндегі міндеттемелермен шектелмей, қазақстандық өндірістердің нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі маңызды", – деді Годунова.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдаудың түпкілікті нәтижелеріне тиісті деңгейде баға берілмейтінін айтты.
"Заңнамада өнеркәсіпке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін жыл сайын бағалау көзделген. Алайда бұл бағалау нәтижелері мемлекеттік ресурстарды қайта бөлуге және өнеркәсіп саясатын түзетуге неге жеткілікті дәрежеде әсер етпейді деген сұрақ туындайды. Бұдан бөлек, сапалы дайындалған инвестициялық жобалар тапшы. Негізгі мәселе – түпкілікті нәтижеге жету үшін ортақ жауапкершіліктің болмауы. Әртүрлі мемлекеттік органдар мен даму институттары қаржыландыру, инфрақұрылым, шикізат және өнім өткізу мәселелеріне жауап береді. Алайда іс жүзінде жобаны бастаған кәсіпкер өндірісті жобалық қуатына шығаруға кедергі келтіретін мәселелермен жалғыз қалады", – деп толықтырды Годунова.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Наталья Годунова 2010 жылдан бері кемінде 10 трлн теңге бөлінген өңдеу өнеркәсібіне мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігіне қатысты мәселе көтерген болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:50, 23 қараша 2026
Шығыс Қазақстан облысында жаңа ветеринариялық пункттер ашылуда
-
16:48, 23 қараша 2026
Қарағандыда цифрлық реанимация іске қосылды
-
16:42, 23 қараша 2026
Салықтар мен төлемдерді төлеу мерзімі 24 және 25 қарашада аяқталады
-
16:35, 23 қараша 2026
Депутат мемлекеттік сатып алу тәртібін және ұлттық компаниялардың сатып алу рәсімдерін қайта қарауды ұсынды
-
16:23, 23 қараша 2026
Бес жылдан кейін қайта оралды: елдің үздік учаскелік инспекторы Қарағандыда рейдке шықты





