Қазақстан микросхема жобалау саласын дамытуға көңіл бөлуі тиіс – Мәжіліс депутаты

15:20, 10 желтоқсан 2025

© Сурет: ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң баспасөз қызметi

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке жолдаған үндеуінде елдегі микросхемаларды жобалау және чип дизайн саласын дамыту стратегиялық маңызды екенін айтты.

Депутаттың пікірінше, бұл сала елдің толық цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы мақсаттарына жету үшін шешуші рөл атқарады.

"Бүгінгі таңда микросхемалар тұрмыстық техникадан бастап, қауіпсіздік жүйелері, көлік және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына дейінгі барлық цифрлық инфрақұрылымның өзегіне айналды", – деп атап өтті Әбутәліп Мүтәлі.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, чиптер дизайны индустриясын дамыту үшін міндетті түрде өз өндірістік фабрикаларының болуы шарт емес. Мысалы, британдық ARM компаниясы өндірістік базасы болмағанына қарамастан әлемдегі смартфондардың 95%-ының архитектуралық негізін қалыптастырса, нарықтық капитализациясы 4 триллион доллардан асқан NVIDIA компаниясы да өз өндіріс орындары жоқ, бірақ әлемдегі ең ірі микросхема өндірушілердің бірі болып отыр.

Депутат қазіргі уақытта Қазақстанда микросхемаларды модельдеу мен сынақтан өткізуге арналған зертханалар, білім беру бағдарламалары, ғылыми-инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, салада халықаралық тәжірибесі бар инженерлер мен тәлімгерлер тапшы, ал университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланыс әлсіз.

Әбутәліп Мүтәлі микросхемаларды жобалау саласын дамыту елге бірқатар артықшылық беретініне тоқталды: ұлттық қажеттіліктерге бейімделген технологиялық шешімдерді әзірлеу, цифрлық жүйелердің сенімділігі мен мемлекеттік қауіпсіздікті арттыру, импортқа тәуелділікті азайту, жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындарын құру және экономиканың шикізаттық емес секторын нығайту.


"Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Үкіметке чиптер дизайны саласын дамыту бойынша кешенді мемлекеттік саясатты әзірлеуді және бекітуді ұсынамын. Университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, ұлттық дизайн-орталық құру, жобалау және тестілеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, оқу бағдарламаларын енгізу – бұл бағыттағы негізгі шаралар болуы тиіс", – деді депутат.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!