Көлік полицейлері мас жолаушыны пойыздан түсіріп, 5 тәулікке қамауға алды

19:59, 9 желтоқсан 2025

© Сурет: polisia.kz

2025 жылдың 11 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 669 азаматты анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның ішінде 630 адам – қоғамдық орындарға мас күйінде келгендер, 17-сі – ұсақ бұзақылық жасағандар және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерді жасағандар.

Осындай жағдайдың бірі Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде тіркелді.

Полиция қызметкерлері жолаушыларға айқайлап, өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқан мас күйдегі 30 жастағы Әзірбайжан Республикасының азаматын анықтап, ұстап үлгерді. Шетелдік азамат құқық қорғау органдарының қызметкерлері қойған заңды талаптарға бағынудан да бас тартқан.

"Құқық бұзушы акт бойынша пойыздан түсіріліп, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйінде келу, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбау баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен ол 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Полиция теміржол көлігімен сапар барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, тыныштықты бұзатын немесе өзге жолаушыларға кедергі келтіретін әрекеттерге жол бермеу, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын мүлтіксіз орындау – әр азаматтың міндеті екенін еске салды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!