Қазақстан мен Қытай депутаттары жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылады

18:03, 25 сәуір 2024

© Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен барды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.

Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады.

қошанов, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.04.2024 18:03

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Соңғы екі жыл Қазақстан мен Қытай тарихындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшыларымыздың күш-жігерінің арқасында ол жаңа деңгейге көтерілді. Біздің парламенттер арасындағы өзара іс-әрекет көшбасшыларымыздың қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталуға тиіс. Біздің өткен жылы жоспарланған осы ресми сапарымыз парламентаралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Өткен жылы жоспарланған осы ресми сапар Парламентаралық байланысымызды одан әрі арттыруға септігін тигізеді", - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді.

Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде, жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.

Қошанов, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.04.2024 18:03

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды.

"Елдеріміздің үкіметтері арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы екіжақты келісім әзірленуде. Біз осы маңызды келісімге тезірек қол қоямыз деп үміттенеміз", - деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи парламентаралық ынтымақтастық Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мәжіліс төрағасының бұл сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

"Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпин мен Президент Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қытай алдағы уақытта да Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдай береді. Қытай әрқашан Қазақстанның өз даму жолын, оның өркендеу мен тұрақтылыққа бағытталған сыртқы және ішкі саясатын қолдайды", – деді Чжао Лэцзи.

Тараптар өткен жылдың қараша айында визасыз режим енгізілген сәттен бастап және Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өткізілуіне байланысты екі ел азаматтарының өзара сапарларының айтарлықтай артқанын атап өтті. Олар мұны үлкен дипломатиялық жетістік деп атады.

Кездесу барысында спикерлер мәдениет, білім беру салаларында да серіктестікті арттыруға мүдделі екендерін айтты. Екі елдің астаналарында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының тезірек ашылуына ерекше мән берілді.

Кездесу соңында Мәжіліс спикері әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Танымал қытай саясаткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына жоғары баға беріп, Қытай инновация мен цифрландыру саласы бойынша әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.

"Біз Президент Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық мақсаттың орындалатынына сенімдіміз. Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне тың серпін беретін өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қытай тарапы еліңізге сенімді тірек болуға дайын", - деді Ван Хунин.

Ол Қытай мен Қазақстанның өзара берік қолдауы екіжақты күн тәртібінен әлдеқашан шығып кеткенін ерекше атап өтті. Бұл халықаралық және өңірлік істерде айқын көрінеді. Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды.

"Президент Тоқаев 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетуде қазақстандық әріптестерімізді қолдаймыз. Сондықтан екі елдің даму стратегияларын үйлестіріп, саяси байланыстарды нығайту маңызды", - деді қытайлық саясаткер.

Ван Хунин жуық арада Қазақстан Парламенті қабылдаған "Ұлттық қор – балаларға" заңының іске асырылу барысына қызығушылық танытты.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Президент жариялаған экономикалық өзгерістер Қытаймен инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті, банк ісін дамыту және жаңа инвестициялар тарту мәселелері бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесуде екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілді.

"Жақында Сіз Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетін табысты басқардыңыз және елдеріміздің достық әлеуетін жақсы білесіз. Қазір энергетика, автокөлік құрастыру, логистика, электрондық сауда салаларында бірқатар серпінді жоба іске асырылуда. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы тарихтағы ең жоғары деңгейге – 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Мұның барлығы қысқа уақыт ішінде ауқымды мақсаттар қойып, орта мерзімде сауда-саттықты еселеп арттыруға мүмкіндік береді", - деді Мәжіліс төрағасы.

ҚХР Төрағасының орынбасары өз сөзінде дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде елдеріміз тату көрші, жақсы дос, сенімді серіктеске айналды. Жаңа алтын 30 жылдықта Қытай мен Қазақстан бар күш жігерін көшбасшыларымыздың келісімдерін іске асыруға бағытталуы керектігіне мән берді.

"Біз ынтымақтастығымызды инновациялар есебінен де ілгерілетуіміз керек. Баламалы энергия, трансшекаралық электронды сауда, спутниктік телекоммуникация сынды жаңа салаларда байланыстарымызды тереңдету қажет", - деді Хан Чжэн.

Бұдан бөлек, делегация мүшелері SANY Group машина жасау кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – құрылыс және арнайы техника көліктерін шығаратын және сататын әлемдік рейтингтегі төртінші компания.

Мәжіліс делегациясының ресми сапары ертең Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!