Қазақстан қандай жағдайда бюджет шығыстарын қысқартады – Серік Жұманғариннің жауабы
© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2026 жылғы 14 қазанда премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтің қандай жағдайда бюджет шығыстарын қайта қарап, қысқартуға мәжбүр болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Депутат Гүлназ Атамқұлова Жұманғариннен үкіметтің экономикалық өсім болжамы неліктен халықаралық ұйымдар мен Ұлттық банктің болжамынан жоғары екенін сұрады. Сондай-ақ макроэкономикалық жағдай нашарласа, шығыстарды қысқарту жоспарланған-жоспарланбағанын нақтылады.
"Дәл осы базалық сценарийді таңдағанда нені басшылыққа алдыңыздар? Егер Ұлттық банктің немесе Халықаралық валюта қорының болжамдары расталса не болады? Белгіленген ең төменгі шекті мәндерді сақтау үшін үкімет шығыстарды қысқартуды жоспарлап отыр ма? Егер жоспарласа, қай бағыттар бойынша? Макроэкономикалық жағдай күрт нашарлаған жағдайда үкіметтің бюджет параметрлеріне қатысты жалпы жоспары қандай?" – деп сұрады депутат.
Жұманғариннің жауабына сәйкес, 2027–2029 жылдарға арналған базалық сценарийде экономиканың орташа өсімі 5,4% деңгейінде болжанған. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, көлік және логистика салалары есебінен қамтамасыз етілмек.
"Бұлар – өте маңызды салалар. Оларды дамыту үкімет қабылдап жатқан экономиканы әртараптандыру шараларымен байланысты. Қазір өнеркәсіп жақсы дамып келеді, орташа өсім 5,9%-ды құрайды. Бұл тау-кен өндіру саласындағы 2% өсіммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өсімнің негізгі қозғаушы күштері – машина жасау, металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі. Сонымен қатар жаңа салалар пайда болып жатыр. Аграрлық секторда да даму бар. Өсім көрсеткіші қазір 6%-ға жетті", – деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, экономиканы дамыту бағытында қабылданған шаралар дұрыс болған. Дегенмен өсімнің негізгі қозғаушы күші – инвестициялар.
"Біздің болжамымыз бойынша, орташа көрсеткіш 9,9% болады. Инвестиция салу есебінен өсім күтеміз. Ал халықаралық ұйымдардың болжамдары үнемі пессимистік сипатта болады. Әдетте жыл басында олар неғұрлым төмен көрсеткіштерді болжайды, кейін жыл бойы салыстырып отырады. Мысалы, бір банк 85% доллар, доллар бағамы бойынша 85 доллар десе, енді бірінде 57 доллар. Яғни әлемдік нарықтағы әртүрлі банктердің долларға қатысты көрсеткіштері де әртүрлі. Сондықтан біз де жалпы болжам жасаймыз. Тұжырымдамамызға сәйкес, шығыстарды ескере отырып, экономиканың он жылдық болжамын әзірлейміз және нысаналы есептеулерді назарға аламыз. Осы болжамдар бойынша келесі жылы көрсеткіш 9,2%, ал шығыстар 32,2 трлн теңге болады", – деп жалғастырды Жұманғарин.
Ол дағдарыс, экономикалық өсімнің баяулауы және өзге де жағымсыз факторлар, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен форс-мажор туындаған кезде бюджет параметрлері қайта қаралуы мүмкін екенін атап өтті.
"Қандай да бір форс-мажор немесе төтенше жағдай туындаса, бізде балама жоспарлар бар. Соның ішінде Ұлттық қордан қаражат алу мүмкіндігі де қарастырылған. Бірақ жағдай нашарласа, шығыстарды қысқартуға тура келеді. Бұл ретте пессимистік сценарий көзделген. Ол туралы бұған дейін де айттым: мұнай бағасы 50 доллар болса, әрине, барлық көрсеткішті жан-жақты қайта есептейміз. Мұндай жағдайда экономикалық өсім 3,2%-ды құрайды", – деді ол.
Бұған дейін Жұманғарин үкімет пен Ұлттық банктің Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдары неліктен әртүрлі екенін түсіндірген еді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
13:46, 14 қазан 2026
Қазақстанда отбасылардың мұқтаждығы қалай анықталады: Еңбек министрлігі жаңа тәсілді түсіндірді
-
13:38, 14 қазан 2026
Алматыда РФММ-нің 48 оқушысы ауруханаға түсті: қылмыстық іс қозғалды
-
13:23, 14 қазан 2026
2027 жылғы жәрдемақылар: Қазақстанда кімдер мемлекеттік төлемдерден қағылуы мүмкін
-
13:18, 14 қазан 2026
Мемлекет басшысы World Aquatics президентін қабылдады
-
13:07, 14 қазан 2026
Алматыда май ауыстыру орнында өрт шықты





