Қауіп төндірген: Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалған шабуыл туралы тың деректер айтылды

17:20, 22 мамыр 2024

© Сурет: Zakon.kz

Жедел жәрдем дәрігерлері көмек көрсету кезінде пациенттердің агрессивті мінез-құлқымен бетпе-бет келді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаның егжей-тегжейін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство 2024 жылғы 21 мамырда таңертең №4 қосалқы станцияның жедел медициналық жәрдем бригадасы келіп түскен шақыруға жіберілгенін нақтылады.

Аталмыш жерде фельдшерлер екі күн бұрын қолынан жарақат алған науқасты тексерген.

"Дәрігерлер пациентке шұғыл госпитализация қажеті жоқ екенін айтып, тіркелген жері бойынша емханаға емделуге кеңес берген".Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Алайда, пәтерде болғандардың бірі бұл жаңалыққа өте агрессивті жауап қайтарған.

"Алдымен фельдшерлерді балағаттап, артынша физикалық күш көрсеткен. Сонымен қатар, пәтердегі адамдар есікті жауып тастап, дәрігерлерді жібермеген",- деп толықтырды Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Медицина қызметкерлері полицейлер келгеннен кейін ғана пәтерден шыға алды.

"Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің физикалық жағдайы қанағаттанарлық. Өкінішке орай, жеңіл дене жарақаты мен психологиялық жарақат алды".Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Бұған дейін Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаға түсініктеме берген болатын.

"Полиция қызметкерлері үш құқық бұзушыға қатысты ұрып-соғу, алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және тіркеусіз тұру фактілері бойынша шаралар қабылдады".Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!