«АМӨЗ» ЖШС бас директорын қызметінен кетірген дау-дамай өз жалғасын табуда

09:58, 22 маусым 2024

© Сурет: kmg.kz

21 маусымда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты дау-дамайдан кейін қызметінен шеттетілген Ғалымжан Жусанбаевтың Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директор лауазымын қалпына келтіру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соттың мәліметінше, Жусанбаев кезектен тыс жалпы жиналыс хаттамасын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шыққан уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы "АМӨЗ" ЖШС үстінен арызданған.

"Талап қою еңбек шартының сынақ мерзімінде және қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде бұзылуымен негізделді. Сотпен еңбек шартының талаптары бойынша талапкерге 6 ай сынақ мерзімі белгіленгені, алайда шарт бір ай өткеннен кейін бұзылғаны анықталды. Осы құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасы қолданылады. Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, еңбек шартын жасасқан кезде еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін", делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ аталған Кодекстің 37-бабына сәйкес, жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген кезде, жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарлама беріп, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы екені де нақтыланады.

"Бұл жағдайда қызметкер сынақ мерзімінде жұмыстың теріс нәтижесі болмасада ешқандай себепсіз жұмыстан босатылды. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот жауапкермен қызметкердің сынақ мерзіміндегі біліктілігіне сәйкес еместігі дәлелденбегендіктен талапкердің құқықтары бұзылған деп таныды.Еңбек шарты жұмыстан шығару рәсімін бұза отырып күшін жойған. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, Ж.-ның бас директор лауазымын қалпына келтіру туралы шешім шығарылып, мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақысы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді".

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Ғалымжан Жусанбаев 2024 жылдың қаңтар айынан бастап "АМӨЗ" ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарып келді. Ал 16 ақпанда Атырау МӨЗ басшылары арасында дау-дамай туындағаны белгілі болды.

Бас директордың орынбасары – "АМӨЗ" ЖШС бас инженері Әділет Шошанбасов көмек сұрап, Мемлекет басшысына жүгінді. Ол өз үндеуінде бас директоы Ғалымжан Жусанбаевтың орынсыз мінез-құлқына арызданды.

19 ақпанда бас директор өзіне тағылған айыптарға жауап беріп, ҚР Президентіне жүгінді.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ комиссиясы жұмыс нәтижелері бойынша "АМӨЗ" ЖШС Бас директоры Ғалымжан Жусанбаевты және Бас директордың орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметтен босату туралы шешім қабылданды. Ал 2 сәуірде йАМӨЗ" ЖШС бас директоры болып Абзал Досжанов тағайындалды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!