Қамауға алынған Navai ісі: адвокаттары шағым әзірлеп жатыр, ал менеджеріне қандай жаза тағайындалуы мүмкін

10:38, 16 қазан 2026
MKZ: 1572687

© Сурет: Instagram/rauf_9089

Қазақстанда ұсталған танымал ресейлік музыкант әрі рэпер Navai-дың адвокаттары апелляциялық шағым әзірлеп жатыр. Сондай-ақ заңгерлер есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген әртістің менеджеріне қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Музыканттың адвокаты Рена Керимова 2026 жылғы 15 қазанда 360.ru басылымына қорғаушы тараптың қамауға алу туралы сот қаулысын алғанын және апелляциялық шағым әзірлеуге кіріскенін жеткізді. Оның нақтылауынша, Қордай аудандық соты музыкантты екі айға қамауға алуға санкция берген. Адвокаттың айтуынша, Navai сот шешімін сабырмен қабылдаған.

"Оның жағдайы жақсы. Қуанып жүр немесе бақытты, болмаса мұңайып жүр деп айта алмаймын. Ол бұл бұлтартпау шарасын қалыпты, байыппен қабылдады", – деді Рена Керимова.

Сондай-ақ ол орындаушының тергеу изоляторында "смотрящий" рөлін атқарып жүргені туралы БАҚ-та тараған ақпаратты жалған деп атады.

"Бұл – әзіл. Қандай "смотрящий"? Мұнда ондай жоқ. Жалпы, Қазақстанда ешқандай "смотрящий" жоқ, бәрі заңға сай", – деді Рена Керимова.

Ол Navai-дың танымал әрі жұмыс кестесі тығыз адам екенін айтып, қорғаушы тарап сот процесінің тез өтуіне үміттенетінін қосты.

Бұдан бөлек, Мәскеудегі "Миронов и партнеры" адвокаттар алқасының халықаралық құқық саласымен айналысатын адвокаты Александр Корытин РИА Новости агенттігіне рэпердің менеджеріне қандай жаза тағайындалуы мүмкін екенін айтты. Қазақстанда 10 грамм есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталған менеджер 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Егер он грамм дегеніміз сараптама марихуана деп таныған кептірілген заттың таза салмағы болса, Қазақстан Республикасының заңдары бойынша соттың адамды 286-баптың 2-бөлігімен (есірткі контрабандасы) соттаудан басқа таңдауы қалмайды. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", – деді адвокат.

Сондай-ақ Александр Корытин Navai-ға тағайындалуы мүмкін жаза тәркіленген заттың мөлшері мен істің мән-жайына байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, рэпер 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Егер құқық қорғау органдары есірткінің аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында тасымалданғанын дәлелдесе, рэперге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұдан бөлек, шетел азаматына Қазақстан аумағында есірткіні заңсыз сақтау немесе тасымалдау бойынша да айып тағылуы ықтимал. Әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша сараланса, бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылдан да асуы мүмкін.

Кейбір БАҚ-тың мәліметінше, Navai-дан 2,5 грамм марихуана, ал оның менеджерінен 10 грамм есірткі заты табылған делінеді.

Рэпер Navai-дың Қазақстанға кірер кезде ұсталғаны 2026 жылғы 14 қазанда белгілі болды. Бұл туралы Жамбыл облысының полициясы хабарлады.

15 қазанда Қордай аудандық сотының Navai-ды екі ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция бергені хабарланды.

Ал Қырғызстанда Navai-дың есірткімен шекарадан қалай өткенін анықтап жатыр. 12 қазанда рэпер Бішкекке концерт қоюға барған. Одан кейін, 14 қазанда Астанада концерті жоспарланған еді. Қырғыз Республикасының Шекара қызметі қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, "Ақ-Жол – автожол" өткізу пунктінің қызметкерлері жазаланады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!