«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс – Тоқаев

14:56, 20 қараша 2026
MKZ: 1578834

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауыл кәсіпкерлеріне өнімін сақтауға, сатуға және тұтынушыға жеткізуге жағдай жасау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың инфрақұрылымына да назар аударды. Президенттің айтуынша, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы ауыл-аймақтардың дамуына жаңа серпін беруге тиіс.

"Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы "Ауыл аманаты" бағдарламасына осы уақытқа дейін 150 млрд теңге бөлініп, ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын атап өтті.

"Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері цифрлық сауда алаңдарын, банктер мен логистикалық компаниялардың қызметтерін пайдалана алуы керек екенін айтты. Ендігі міндет – өнімнің тұтынушыға қалай жеткізілетінін нақты келісімшарттарда белгілеу.

"Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!