Филиппинде жанартау туристердің көз алдында атқылады

12:28, 9 қазан 2026
MKZ: 1571425

© Сурет: wikipedia

Филиппиндегі танымал Тааль жанартауының бес минутқа созылған атқылауын туристер видеоға түсіріп алды. Жанартаудың негізгі кратерінен биіктігі шамамен 4 шақырымға жететін қою сұр күл бағаны көтерілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Manila Bulletin басылымының Филиппиннің вулканология және сейсмология институтына сілтеме жасап хабарлауынша, мамандар Тааль көлінің оңтүстік-батыс жағалауындағы бірнеше елді мекен мен оған жақын аудандарға жұқа күл қабаты түсуі мүмкін екенін ескерткен.

Атқылауға дейін 82 минут бойы жанартаулық дүмпулер тіркелген. Қауіптілік деңгейі төмен белсенділікке сәйкес келетін 1-деңгейде сақталып отыр.

Басылымның мәліметінше, тұрғындарға Тааль жанартауы орналасқан аралға, әсіресе негізгі кратер мен Даанг-Кастила жарығы маңына баруға тыйым салынған. Сондай-ақ Тааль көлінде қайықтардың жүруіне және жанартауға жақын маңда ұшақтардың ұшуына шектеу қойылған.