Әрекетке қабілетсіз адамдардың зейнетақысын пайдалану тәртібі өзгерді
© Фото: Zakon.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, құжаттың атауы жаңа редакцияда "Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының иелігіне түсетінбюджет қаражатын пайдалану қағидалары" деп жазылды.
Қағидалардың өзі де жаңа редакцияда баяндалды.
Оған сәйкес, әрекетке қабілетсіз адамдарға жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың бір бөлігі түрінде берілетін бюджет қаражатын пайдалану үшін стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының (АӘҚКО) басшысы қамқоршы болып тағайындалады.
Ағымдағы шот ашу үшін қамқоршы зейнетақы мен жәрдемақы беруге уәкілетті ұйымға адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін, әрекетке қабілетсіз адамға қамқоршылық белгілеу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімін, сондай-ақ клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көзделген құжаттарды ұсынады.
Қамқорлығындағы адамдарға жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың бір бөлігі түрінде берілетін бюджет қаражатын пайдалану үшін АӘҚКО-да комиссия құрылады. Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және кемінде жеті адамнан тұруы тиіс.
Комиссия құрамына АӘҚКО басшысы немесе оның орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органның (астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, медициналық бөлім меңгерушісі, бухгалтер, диеталық тамақтану жөніндегі мейіргер және АӘҚКО әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы кіреді.
Комиссия айына кемінде бір рет отырады. Оның отырысында қамқорлығындағы адамдарға жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың бір бөлігі түрінде берілетін бюджет қаражатын қосымша тамақ пен бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып алуға пайдалану мәселесі қаралады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданған шешім бір жұмыс күні ішінде комиссия мүшелерімен қол қойылып, белгіленген нысан бойынша рәсімделеді.
Төтенше жағдай немесе шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар енгізілген кезде комиссия мүшелері оның отырысына онлайн режимде қатыса алады.
Бұл жағдайда олардың бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі ұстанымы отырыс өткізілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы немесе комиссия хатшысының электрондық поштасына жазбаша түрде жіберіледі.
Қамқорлығындағы адамдардың жеке қажеттіліктеріне бюджет қаражатын пайдалану туралы мәліметтер журналда көрсетіледі.
Адамдарға жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың бір бөлігі түрінде берілетін бюджет қаражаты өз бетінше жұмсалады.
АӘҚКО бюджет есебін жүргізіп, ҚР бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттік есептілікті ұсынады.
Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:35, 25 қыркүйек 2026
Гимнаст Милад Карими Азия ойындарында жүлдеге бір қадам жетпей қалды
-
17:23, 25 қыркүйек 2026
Алматыда қыркүйектің соңы мен қазанның басында ауа райы қандай болады
-
17:10, 25 қыркүйек 2026
Жеңіл атлет Алина Чистякова Азиада-2026-да жетісайыстан қола медаль жеңіп алды
-
17:04, 25 қыркүйек 2026
Қазақстанда ет бағасының өсуі бәсеңдеді: себебі неде
-
17:03, 25 қыркүйек 2026
Тоқаев Xinfa Group-пен «Көлжат» кен орнын игеру мәселесін талқылады





