Елордадағы қабылдау бөліміне күніне 300 бала түседі

09:14, 26 шілде 2024

© Сурет: pixabay

Жаз басталғалы жарақат алып, ауруханаға түскен бала саны азаймай тұр. Елордадағы бір ғана қабылдау бөліміне күніне 300 бала түседі. Дабыл қаққан дәрігерлер ата-аналарға аса сақ болуды ескертіп отыр. Өйткені жазатайым оқиғадан мүгедек болғандар бар, қаза тапқандар да аз емес.

Ойын баласын үйде ұстау мүмкін емес. Бірақ, ойнап жүріп, оқыс оқиғаға тап болғандар көп. Мәселен жуырда Шортандыда бүлдіршін балабақшаның терезесінен құлап кетті. Астанада 10 жасар баланың үстіне қақпа құлап, мерт болғаны есте. Сатыдан сүрінген бала, теледидар құлаған бүлдіршін тағысын-тағы.

Дәрігерлердің дерегінше аса ауыр жарақатпен келгендердің көбі – биіктен құлағандар. Жыл басынан бері ел бойынша 100 бала терезеден құлаған. Елорда ауруханасына биіктен құлаған 73 бала түсіп, оның 4-еуі қайтыс болды. Кейінгі орында жол-көлік апатынан зардап шеккендер тұр, деп жазады qazaqstan.tv.

Алғашқы бес айда 85 бала көз жұмған. 2500-і әртүрлі дене жарақатын алған. Одан бөлек, ойын алаңдарындағы қауіпсіздіктің сақталмауы тағы бар. Суға бату, күйік шалу, шұңқырға түсу, улану оқиғалары да жиі тіркелген.

Елімізде жыл басынан бері мопед мінген 10 жасөспірім қайтыс болып, 180 бала жарақат алған. Мүгедек болғандар да бар.

"Балалардың жарақаты күннен-күнге өршіп жатыр. Жалпы күнде бас-қол, аяқ, жақ жарақаттары бойынша 300-ден аса бала қаралады. Жақында ғана бір ауыр бала түсті. Аяғы мопедтен жарақат алған. Сан бөлігінен аяғы жұлынып түсті. Бала өкінішке орай аяқсыз қалды. Ата-аналарға айтарымыз мопедтен сақ болғаны дұрыс." Мұхтар Ақмырзаев, № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы

Абайсыздық салдарынан дені сау балалар айдың-күннің аманында жазым болып жатыр. Осылай деген мамандар балаға үй ішінде де, үйдің сыртын да бақылау қажеттігін айтады. Ата-аналар бейқамдық танытпай, бала қауіпсіздігін басты орынға қойғаны жөн.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!