WhatsApp-тағы арзан тауарлар чаты: Ақтаулықтарды шулатқан екі әйел сотталды

12:44, 7 қыркүйек 2024

© Сурет: pixabay

Ақтау қалалық сотында WhatsApp желісінде 25 топ ашып, арзан тауар жарнамасымен қызықтырып, көптің ақшасын заңсыз иеленген екі әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды. Екеудің іс-әрекетінен 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық соттың хабарлауынша, әйелдердің бірі үш бап, тағы бірі екі бап бойынша сотталды.

Сотта 2021-2023 жылдары Whats App желісінде 25 топ ашып, өзін әкімгер ретінде таныстырған әйелдер ол арада төмен бағада ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалардың сатылатынын жарнамалап, сол арқылы жәбірленушілердің тауар сатып алуға деген ақшаларын иемденіп, өз қажеттілігіне жұмсағанын анықталды.

Сондай-ақ, А. қылмыстық жолмен иемденген ақшаларды заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге сату-сатып алу келісімшарттарын жасаған. Ал Б. А-ның ашқан 4 топтың әкімшісі бола тұра, жәбірленушілерге (тұтынушыларға) топ арқылы жалған ақпараттар (жарнамалар) орналастыруға, алаяқтық әрекеттерге жәрдемдескен яғни, жәбірленушілер тапсырыстары мен ақшаларын иемденіп, оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалған бөлігін А-ға аударып отырған.

Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан жалпы 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген.

Сотталушылар кінәларын ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілерден жауап алу хаттамаларымен, ақша аударымдарымен және істегі басқада дәлелдермен дәлелденді. А. және Б-ға жаза тағайындау барысында асырауларында кішкентай балаларының болуын жауапкершіліктерін жеңілдететін мән-жайлар деп танып, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.


"А. ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес түпкілікті мүлкі тәркіленіп, оған 9 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды. Б-ға ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды. Жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырды".Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!