Елімізде білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі жөніндегі пилоттық жоба іске қосылмақ

17:35, 26 шілде 2024

© Сурет: Zakon.kz

Оқу-ағарту, Ұлттық экономика, Қаржы министрлерінің бірлескен бұйрығы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары әкімдіктерінің "ҚР Білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі "пилоттық жобасын бекіту туралы" қаулысы әзірленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында "Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі" пилоттық жобасы бекітілсін", делінген құжатта.

Пилоттық жобаның негізгі мақсаты жергілікті деңгейде білім беру жүйесін басқарудың қолданыстағы моделін жетілдіру болып табылады.

Пилоттық жоба жергілікті деңгейде білім беру жүйесін басқарудың қолданыстағы моделінің келесі кемшіліктерін жоюға бағытталған:

  • облыстық білім басқармаларына жүктеме ұлғайды, бұл өңір бойынша қабылданатын шешімдердің тиімділігінің төмендеуіне әкелді;
  • жергілікті ақпаратты тексеру бюрократиялық компоненттің өсуіне әкелді;
  • жергілікті жерлерде төтенше жағдайлар кезінде шешім қабылдау мерзіміне әсер еткен аймақ ішінде ақша қаражатын бөлу кезінде бірыңғай тәсілдің болмауы.

Пилоттық жобада Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында функциялардың бір бөлігін облыстық деңгейден аудандық/қалалық деңгейлерге беру, атап айтқанда, білім беру процесі үшін жауапкершілікті облыстық деңгейде сақтау және әкімшілік-шаруашылық функцияларды аудандық/ қалалық деңгейлерге беру қарастырылған.

Қолданыстағы заңнама шеңберінде аталған пилоттық жобамен білім беру жүйесін басқару функцияларын жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлері арасында төмендегідей бөлуді жүзеге асыру жоспарлануда:

  1. оқу-тәрбие процесі;
  2. әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету.

Пилоттық жобамен білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға:

  • білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды;
  • оқу-тәрбие процесінің сапасын қамтамасыз етуді, оның ішінде: барлық деңгейдегі білім беру сапасын бақылауды ұйымдастыруды (мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ арнайы және қосымша білім беру);
  • мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізуді;
  • оқу-тәрбие процесін әдістемелік сүйемелдеу: педагогтер мен білім беру ұйымдарын олардың кәсіби құзыреттерін арттыру үшін қажетті әдістемелік материалдармен, ресурстармен қамтамасыз етуді;
  • аудандар мен қалалардағы білім бөлімдерінің басшыларын тағайындауды және жұмыстан босатуды;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарында сапалы педагогикалық құрамды қамтамасыз етуді, мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін тағайындау және жұмыстан босатуды;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагогтерге және оқу-тәрбие процесінде жұмыс істейтін өзге де қызметкерлерге жалақы есептеуді және төлеуді;
  • педагогтердің біліктілігін арттыру, оның ішінде педагогтердің тиісті оқытудан өтуін және олардың кәсіби құзыреттерін арттыруы бойынша жағдайлар жасауды;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуді;
  • білім беру ұйымдарының күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
  • жоғары жылдам интернетпен қамтамасыз етуді, оқытудың заманауи технологиялары мен білім беру ресурстарына қолжетімділікті құруды;
  • мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды орта білім алғанға дейін есепке алуды;
  • білім беру ұйымдарында білім алушыларды тегін және жеңілдікпен тамақтандыру жұмысын ұйымдастыруды;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсетуді;
  • білім алушыларды жақын мектепке дейін және кері тегін тасымалдауды, білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруін жүзеге асыруды;
  • білім беру саласындағы заңнамада көзделген өзге де функциялар қарастырылатын оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі функциялар бекітіледі.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне:

  • мемлекеттік білім беру ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
  • мемлекет активтерінің сақталуын қамтамасыз ету;
  • ғимараттар мен құрылыстарды ағымдағы күтіп-ұстауға, коммуналдық және өзге де көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды, мемлекеттік білім беру ұйымдарының жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне байланысты өзге де шығындарды қаржыландыру;
  • ғимараттар мен құрылыстарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз етумен айналысатын персоналды басқару;
  • мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз етумен айналысатын қызметкерлерге жалақы есептеу және төлеу (берілетін функциялармен байланысты) мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар бекітіледі.

Пилоттық жобаны іске асыру кезеңінде оқу-тәрбие процесін қаржыландыру облыстық бюджет қаражаты есебінен, әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету – тиісті ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Пилоттық жобаны іске асыру 2024 жылғы 1 қыркүйек пен 2025 жылғы 1 қыркүйек аралығындағы кезеңде жүзеге асырылатын болады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі пилоттық жоба бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді, жобаға қатысушылар үшін оқыту семинарларын өткізуді, пилоттық жобаның іске асырылуын үйлестіру және бақылауды қамтитын әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдіктері мүліктік кешеңін тиісті қаржыландырумен аудан, облыстық маңызы бар қала әкімінің коммуналдық меншігіне беруді қамтамасыз етеді.

Пилоттық өңірлердің аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі мемлекеттік білім беру ұйымдарын әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттік бағдарламаның әкімшісін айқындайды және пилоттық жобаны іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдайды.

Құжат қоғамдық талқы үшін "Ашық НҚА" сайтына 9 тамызға дейін орналастырылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!