Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды – Президент

14:03, 30 маусым 2026

© Фото: freepik

Қазақстан аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиа-отынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруы қажет. Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында дәл осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, бұл – аса маңызды және шұғыл міндет.

"Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды. Әрине, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды". Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады.

"Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет. Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің пікірінше, қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз.

"Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек".Мемлекет басшысы

Бұған дейін президенттің "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы туралы айтқанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!