Бүгін – Астана қаласының туған күні

09:18, 6 шілде 2017

Бас қаламыз аз ғана уақыт ішінде тек Орта Азияға ғана емес, бүкіл әлемге танылып, мәдениет пен инновацияның, білім мен толеранттылықтың ордасына айналды.

Елорда ЕҚЫС, Сириядағы шиеленісті реттеуге арналған Астана процесі, ШЫҰ-ның кеңесі секілді салмағы басым саяси жиындардың да алаңы бола білді. Сондай-ақ ТМД елдері арасында алғаш болып биыл халықаралық EXPO көрмесін өткізіп отырмыз.

Географиялық орналасуы, ауа райы, көліктік инфрақұрылым мен басқа да тетіктер ескерілгеннен кейін, 1997 жылы Ақмола қаласы ресми түрде еліміздің астанасы болып бекітілді. Бір жылдан соң елорда атауы Астана болып өзгертілді. Сол кезден бастап Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан кішігірім қала өсіп-өркендеп, әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналды.

Халық еліміздің түкіпір-түкпірінен осында ағылып келе бастады. Өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз да туған еліне оралу туралы ой қозғап, жаңа өмірге қадам жасауға бел буды. Бұл азаматтардың қатарында Ерзат Зайытхан да бар. Қытай елінен Қазақстанға 6 жыл бұрын көшіп келген ол Астананың болашағы зор болатынына кәміл сенеді.

Ерзат Зайытхан, қала тұрғыны:

- Астанаға алғаш келгенде менің алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін Астана – сенімнің қаласы. Бұл бүкіл қазаққа, шеттегі ағайынға сенім беретін қала деп ойлаймын. Шеттен келген әр ағайын Астананы көріп, өзінің қазақ екендігіне мақтанады. Қазақстанға көшіп келгісі келеді.

Ел астанасының ауысуы бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізді. Соңғы 2 жыл ішінде Астананың қазынасы толып, шаһардың өзі ел бюджетінің донорына айналды. Әрине мұндай жайт көпшіліктің өмір сүруіне ықпал еткені сөзсіз.

- Астананы теледидардан көрген бөлек, ал шынайы көргенде ол мүлдем басқаша, өте әдемі. Астананың маған қонақжайлылығы ұнайды.

- Астанамыздың көркейгеніне разы болып, ішкі дүниеміз кәдімгідей көтеріліп, мақтанатындай ойдамыз.

19 жыл ішінде Қазақстан халықаралық аренадағы бірегей елге және түрлі форумдар мен жоғары деңгейдегі кездесулердің алаңына айналды. EXPO 2017 көрмесінің осында өткізілуі де бас шаһардың беделін еселей түсті. Қазіргі кезде елорданың Қазақстанның ең басты бренді екендігіне күмән жоқ.

Күлайша Ақтаева, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:

- Астана көшірілгеннен бері біраз жақсы өзгерістер болып жатыр. Біріншіден, біздің астанамыз тәуелсіздік нышанына айналып, бүкіл әлемге танымал болды. Күнде өте маңызды шешімдер қабылданады. Астана тек елімізге танымал бір орта ғана емес, бүкіл әлемге, БҰҰ-ға мүше болып жатырмыз. Сондықтан осы мінбеге шыққан кезде Елбасымыз біраз бастамаларын көпшілікке жариялайтын болады.

Бүгінде Астана күнін тек елорда тұрғындары ғана емес, барша халық кеңінен атап өтіп жатыр. Өйткені бас қалаға 115 мемлекеттің өкілдері жиналып, EXPO көрмесін тамашалауда.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!