ЖЭО-ның жартысына жуығы «қызыл аймақта» болған: Министр энергетика саласындағы бетбұрыс туралы айтып берді

15:13, 15 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы 15 желтоқсанда ведомствода өткен брифингте энергетика саласын жаңғырту мен жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жөндеу жұмыстарының нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер министрден энергетика секторын жаңғыртудың нақты нәтижелері, елдегі электр желілері инфрақұрылымының тозу деңгейі, соңғы бір жылда салаға тартылған инвестициялар көлемі, сондай-ақ "Тариф – инвестицияға айырбас" бағдарламасының қандай нәтиже бергені жөнінде сұрады.

Министрдің айтуынша, бұл бағдарлама шамамен 2,5 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

"Осы уақыт ішінде біз энергетика саласына шамамен 650 млрд теңге көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – нақты нәтиже. Энергожүйенің сенімді жұмысы көзге көрініп тұр, көрсеткіштер жаман емес. Біз қазір жылыту маусымына кірдік, соның арқасында өте көп көлемде жабдық жөнделді. Нақты сандарды айтсақ, 10 энергоблок, 39 турбина және 63 қазан агрегаты жөндеуден өтті. Бұл – ауқымды жұмыс", – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзінше, жыл басында Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 37 ЖЭО-ның 19-ы "қызыл аймақта" болған. Яғни, ондағы жабдықтардың тозу деңгейі 70 пайыздан жоғары еді.

"Біз бұл жағдайды өзгерте алдық: биыл 9 ЖЭО-ны "сары аймаққа" шығардық. Жұмыс жалғасуда. Мұндай мәселені бір жылдың ішінде шешу мүмкін емес. 2018 жылдан бері жоспарлы түрде төмендетілген тарифтер қолданылды, біз бұрын қалыптасқан қуат қорына ғана сүйеніп келдік. Бұл, әрине, жақсы нәтижеге алып келген жоқ, керісінше, жабдықтардың жаппай істен шығуына себеп болды. Мұндай мысалдар жеткілікті. Алайда инвестициялық бағдарламалар, тарифтік өзгерістер және энергетика саласын қайта қаржыландырудың арқасында жағдайды түбегейлі өзгертуге қол жеткіздік. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Келесі жылы ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған, нәтижесінде барлық энергия өндіруші нысандарды "жасыл аймақ" деңгейіне жеткіземіз", – деді министр.

Бұған дейін коллекторлық агенттіктер Ұлттық банкке қандай есептілік тапсыратындығын жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!