Сиднейдегі қанды шабуыл: қаза тапқандар саны 16 адамға жетті

11:52, 15 желтоқсан 2025

© Фото: primeminister.kz

Австралияның Сидней қаласындағы Бонди-Бич жағажайында болған теракт салдарынан қаза тапқандар саны 16 адамға дейін өсті, деп хабарлайды Zakon.kz.

ABC телеарнасының мәліметінше, қаза болғандардың арасында шабуыл жасағандардың бірі де бар.

Телеарна дерегіне сәйкес, шабуыл салдарынан барлығы 38 адам зардап шеккен. Олардың 29-ы ауруханаға жатқызылып, медициналық көмек алып жатыр.

Сондай-ақ Сиднейде қарулы шабуылдаушыны залалсыздандырған адамның кім екені белгілі болды. Ол – 43 жастағы жеміс дүкенінің иесі Ахмед Аль-Ахмед. Бұл туралы news.com.au порталы оның немере ағасы Мустафаның сөзіне сілтеме жасап жазды.

Туысының айтуынша, Ахмед екі рет оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.

"Қазір ол клиникада жатыр, жағдайының нақты қандай екенін әлі білмейміз", – деді ол.

Бұған дейін оқиға куәгерлері қаскөйді ұстау сәтін видеоға түсіріп алғанын хабарлаған едік. Кадрлардан Ахмедтің шабуыл жасаушыдан бірнеше метр жерде орналасқан автотұрақта көліктің артына тығылғанын көруге болады. Атыс арасындағы үзіліс кезінде ол көліктердің арасынан жүгіріп шығып, қаскөйге артынан тап берген, оны мойнынан қапсыра ұстаған. Арпалыс барысында Ахмед шабуылдаушының қаруын тартып алып, нәтижесінде қаскөй жерге құлаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!