Ауыл шаруашылығы министрлігінде майлы және мал азықтық дақылдарға басымдық берілуде

14:34, 12 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

2026 жылғы 12 мамырда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда 2026 жылы қандай дақылдар егілетіні туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Азат Сұлтановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп егіс алқаптарының құрылымын қалыптастырған.

"Жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Биыл табыстылығы жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Соның ішінде майлы дақылдардың көлемі 4 млн гектардан асады, яғни 74 мың гектарға ұлғаяды. Ал мал азықтық дақылдардың көлемі 3,3 млн гектар болып, 237 мың гектарға көбейеді. Жүгеріні өңдеуге бағытталған инвестициялық жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін жүгері егісінің көлемі 265 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шаруашылықтардағы картоп егісінің көлемін 10 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр", – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, бекітілген егіс құрылымы ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті өнім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл құрылым нарықтағы жағдай мен сыртқы сұранысты да ескереді.

Сонымен қатар 2026 жылы дәнді дақылдардың егіс көлемі 127 мың гектарға қысқартылады. Оның ішінде бидай алқабы 125 мың гектарға азайып, 12,1 млн гектарды құрайды.

Су ресурстарына түсетін жүктемені азайту мақсатында күріш пен мақта егісінің көлемін оңтайландыру жұмыстары да жүргізілуде.

"Республика бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта егісінің көлемі 162,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде тамшылатып суару тәсілі қолданылатын алқаптар 29,8 мың гектарға ұлғаяды, ал дәстүрлі суару әдісі қолданылатын жерлер 12 мың гектарға қысқарады", – деп түйіндеді Азат Сұлтанов.

Бұған дейін Қазақстанда диқандарға арналған су пайдалану лимиті қысқартылғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!