Қазақстанда қай азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандады

13:47, 26 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл туралы 2026 жылғы 26 маусымда Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бюроның мәліметінше, 24 маусымдағы жағдай бойынша ең көп арзандаған өнім – қызанақ. Оның бағасы бір аптада 5,5%-ға төмендеген.

Сонымен қатар келесі өнімдердің бағасы арзандаған:

  • І санаттағы жұмыртқа – 1,3%-ға;
  • қияр – 1,3%-ға;
  • пастерленген сүт – 0,2%-ға;
  • майлылығы 2,5% болатын айран – 0,2%-ға;
  • майлылығы 5–9% сүзбе – 0,2%-ға;
  • қара шай – 0,2%-ға;
  • жылтыратылған күріш, жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық, қаймақ, алма мен ас тұзы – 0,1%-ға.

Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мына қалаларда төмендеген:

  • Қонаевта – 0,5%-ға;
  • Көкшетауда – 0,4%-ға;
  • Павлодарда – 0,3%-ға;
  • Шымкентте, Атырауда және Петропавлда – 0,2%-ға.

Ал Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз және Өскемен қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлердегі бағаның төмендеуіне маусымдық көкөністердің арзандауы және бакалея өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасының төмендеуі әсер еткен.

Сондай-ақ бюро кейбір азық-түлік тауарларының республика бойынша орташа және ең төменгі бағасын жариялады.

Қызанақтың орташа бағасы – 654 теңге/кг. Ең төменгі баға Шымкентте тіркелген – 406 теңге/кг.

Жылтыратылған күріштің орташа бағасы – 532 теңге/кг. Ең арзан күріш Қызылордада (461 теңге/кг) және Алматыда (478 теңге/кг) сатылып жатыр.

Картоптың орташа бағасы – 280 теңге/кг. Ең төменгі баға Таразда – 220 теңге/кг.

І санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы – 575 теңге. Ең қолжетімді баға Көкшетауда (486 теңге) және Ақтөбеде (488 теңге) тіркелген.

Бұдан бөлек, сүйекті сиыр етінің орташа бағасы республика бойынша 3777 теңге/кг, ал тауық етінің орташа бағасы 1725 теңге/кг болған.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның қай өңірінде егіздер мен үшемдер жиі дүниеге келетінін жариялаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!