Атырауда апатты үйлердің саны азаймай тұр

14:45, 23 қаңтар 2025

© Фото: Zakon.kz

Атырау облысы Мақат ауданында апатты үйлердің саны азаймай тұр. Құлаудың аз-ақ алдында тұрған баспаналар 100-ден асып жығылады. Олардың арасында салынғанына 1 ғасырдан астам уақыт болған пәтерлер де бар.

Маруся Жұпарбаеваның апатты үйде тұрғанына 14 жыл. Тозығы жеткен баспана әбден титықтатып біткен. Жөндеуге келмейді. Үйдің төбесі түсуге шақ тұр. Шатыры шұрық тесік. Жылуы да мардымсыз. Электр желісі де тозған. Қазір 71 жастағы әжей ағайынның үйін жағалап жүруге мәжбүр, деп жазады qazaqstan.tv.

"3 баланы қорғаншылыққа берді. Екі ортада сол балалардың қасындамын. Бірақ осы үйім дұрыс болса, балаларымды қасыма алып отырсам деп едім. Қызымның мүмкіндігі шектеулі баласы бар, 5 жаста. Соны ана жардың қасына барып, мына жардың астына жатып өсірдім." Маруся Жұпарбаева, Доссор кентінің тұрғыны

Ал бұл Мақат ауданындағы 114 жыл бұрын салынған үй. Оны кезінде аймаққа мұнай іздеп келген ағылшындар тұрғызып кеткен. Көбісі құлап, опырылып жатыр. Ұлбала Саналиева 52 жылдан бері осы баспанада үрей құшағында тұрып келеді.

"Төбемізден шыбын-шіркей түсіп жатыр. Балалар өрмекші деп шауып жүреді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ." Ұлбала Саналиева, Доссор кентінің тұрғыны

30 мыңнан астам халқы бар ауданда 731 адам баспана кезегінде тұр. 106 үй апатты деп танылған. Жергілікті билік мәселені біртіндеп шешеміз дейді. Мәселен, былтыр 54 отбасыға әрқайсысы 110 шаршы метр болатын үйдің кілті табысталған. Биыл тағы 160 отбасы үшін тұрғын-үй құрылысы басталады. Бұған облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген.

"Ауданда құрылыс бөлімі арқылы 30 үй салыну қарастырылған. Бұл – 60 пәтер. Сондай-ақ, Доссор кентінде 60 пәтерлік үйдің құрылыс басталды. Жыл аяғына дейін бітіреміз. Сосын Мақат кентінде 60 пәтерлік 1 үйдің құрылысы жүріп жатыр." Темірбек Іңірбаев, Мақат ауданы ТҮКШ бөлімі тұрғын-үй инспекциясының басшысы

Жалпы, Атырау облысы бойынша ресми 217 баспана апатты деп тіркелген. Жаңа үйдің кілтін сарыла күтіп жүрген 29 мыңға жуық азамат бар. Жауаптылардың айтуынша, бұл цифр күн сайын өзгереді. Көбеймесе азаймай тұр. Сондықтан мұның тиімді шешу жолдарын қарастырып жатқандарын айтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!