Ақтөбелік жігіт қыздың жеке құпиясын біліп алып, қорқыту арқылы ақша таппақ болған
© Фото: Zakon.kz
Ақтөбеде ер адам кездесуге өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып келіп, қыздан ақша талап еткен. Ол бойжеткенді интимдік кездесудің егжей-тегжейін анасына айтып қоямын деп қорқытқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Диапазон" газетінің 2026 жылғы 24 қарашадағы мәліметінше, оқиға 37 жастағы ақтөбелік Саматтың танысуға арналған қосымшаға тіркелуінен басталған. Ол қызбен сөйлесіп, кейін онымен ақылы түрде жыныстық қатынасқа түсуді ұсынған.
Қыз оның ұсынысына келісіп, жалдамалы пәтерінің мекенжайын жіберген. Ер адам сол жерге келіп, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Сондай-ақ қыздың айналысып жүрген ісі заңмен жазаланатынын, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және есепке қойылатынын айтқан.
Бұған қоса, ол қыздың жақындарына оның "жеңіл жүрісті" екенін айтып, абыройын төгетінін жеткізген. Сөзінің шынайылығына сендіру үшін қорыққан қызға бұрын полиция формасын киіп түскен ескі суретін көрсеткен. Самат үнсіз қалуы үшін ақша талап еткен.
Қорыққан қыз бопсалаушыға әуелі қолма-қол 6 мың теңге берген. Сол күні тағы бірнеше рет ақша аударып, жалпы сомасы 95 500 теңге төлеген. Қажетті ақшаны табу үшін таныстарынан қарыз алуға мәжбүр болған.
Алайда Самат мұнымен тоқтамай, кейін тағы 100 мың теңге талап еткен. Осыдан кейін қыз бопсалау дерегі бойынша полицияға арыз жазған. Көп ұзамай Самат ұсталды.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сот үкімі шыққанға дейін қыз келтірілген шығынның толық өтелгенін айтып, оны кешіргенін, ешқандай талабы жоқ екенін жеткізген. Сондай-ақ ер адамды қатаң жазаламауды сұраған.
Сот осы мән-жайларды ескеріп, айыпталушыны бас бостандығынан айыру жазасына кеспеді. Оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Егер ол белгіленген талаптарды бұзса, жаза нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында ерлі-зайыпты жұп 3 млн теңге бопсалағаны үшін сотталған болатын. Олар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, интимдік қызметтерді пайдаланған клиенттерді бопсалаған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:45, 25 қараша 2026
Қостанайдағы екі су қоймасында су тасқыны туралы ерте хабарлау жүйесі енгізілуде
-
10:20, 25 қараша 2026
Қазақстанның алты өңірінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады: 25 қарашаға арналған жол болжамы
-
10:04, 25 қараша 2026
Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бақылау жүргізетін мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті
-
10:04, 25 қараша 2026
Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бақылау жүргізетін мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті
-
09:54, 25 қараша 2026
Жалған қайғысын пайдаланып, әйелдің үйі мен қомақты ақшасын иемденіп алған





